Қазақстан жер қойнауын пайдалану жобаларына тартылатын шетелдік инвестиция көлемін арттырмақ. Инвесторлар тарапынан да бұл салаға деген қызығушылық бар. Бұған себеп болатын жағдай – соңғы 5 жыл ішінде еліміздің геологтары қазақ жерінен 500 тонна алтын, 5 миллион тонна мыс және бір миллион тоннаға жуық мырыш қорын анықтаған. Мұнай және табиғи газ кен орындары да ашылған. Пайдалы қазбалар қоры жөнінен Қазақстан бүгінде әлемде алтыншы орын алып отыр. 2011 жылдан бері жер қойнауын пайдалану саласына 12 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған, оның біраз бөлігі геологиялық барлау жұмыстарына бағытталды. Осының арқасында сирек және өте қымбат металл – литийдің кен орны анықталған. Айта кетерлігі, соңғы алты жылда литий карбонатының бір тоннасының бағасы 1 мыңнан 14 мың долларға дейін өскен. Және бұл өсім әлі де жалғасын табады, дейді сарапшылар. Бүгінде литийге деген сұраныс жоғары, ол ұялы телефондарға және электромобильдерге арналған аккумулятор батареяларының өндірісінде қолданылады. Сондықтан литий кен орындарын игеруге ниет танытушы компаниялар баршылық. Ал олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Қазақстанда нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

 

Базарбай НҰРАБАЕВ, ҚР ИДМ ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде Тау-кен кодексіне түзетулер әзірленіп жатыр. Келесі жылы бұл құжатты Парламент қабылдауға тиіс, сол кезде елімізде 2018 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану құқығын беру енгізіледі. Осының арқасында тартылатын инвестициялар көлемі артады деп күтілуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер