Өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте. Бұл қағиданы берік ұстанатын бірлігі жарасқан көп ұлтты отандастарымыз  еуропалық тілдер күнін атап өтті.  Елімізде жақсы дәстүрге айналған мерекені Қазақстандағы Германия және Франция елшілігі өзгеше ұлықтады. Бұл жолы мейрамға ортақтасуға кәрі құрлықтың танымал хип-хоп орындаушылары арнайы шақыртылған. Ұйымдастырушылар осылайша жергілікті жастардың арасында ана тілдеріне деген қызығушылықты оятуды көздепті.

 

Рольф МАФЕЛЬ, ГЕРМАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Біз осындай шаралар арқылы бірнеше тілді меңгерген адам үшін шекараның жоқтығын жеткізгіміз келеді. Мақсат қазақстандықтардың тілін өзіміздің ана тілімізге сындыру емес. Жалпы елдеріміз арасындағы мәдени байланысқа келетін болсақ, Қазақстанда Гетте институты жұмыс істейді. Ол қос мемлекет арасындағы мәдени ынтымақтастықтың көпірі іспетті. Жақында Астана қаласы бойынша «Бас шаһар бұрыштары» атты  бірлескен жоба іске қосылды. Смартфондарға арналған қосымша арқылы «ЕХРО-2017» кормесімен байланысты нысандар мен шаралар жөнінде толық ақпарат алуға болады.

 

Еуропалық қос елшіліктің таңдауы «Zweierpasch /Double Deux» (Цвайапаш-Дубль До) тобына түсуі бекер емес. Аталмыш хип-хоп орындаушыларының жұбы Франция мен Германияның шекарасында құрылыпты. Осыдан рэп мәтіндері қос тілде қатар оқылады екен. Сондықтан ағайынды егіз Тиль мен Феликс Ноймандар «екі дауыс – екі тіл» бағытында жұмыс жасайды. Дуэттің шығармашылығы негізінен  топтары тоғысқан елдердің мәдениетін насихаттауға бағытталған.

 

Тиль НОЙМАН, ФЕЛИКС  НОЙМАН, «ZWEIERPASCH/DOUBLE DEUX» ДУЭТЫ:

Арнайы шақырту болған соң жаңартылған  бағдарламамен келдік. Су жаңа туындыларымыздың тұсауы осы турне аясында ат басын бұрған алғашқы ел -Қазақстанда кесілді.  Бұл бастаманы  француз-неміс-қазақ жобасы деп айтсам, қателеспеймин. Себебі сахнада музыкалық сүйемелдеу жергілікті топтың арқасында жүзеге асып отыр.

 

Жалпы, Еуропалық тілдер күніне орай ағайынды Ноймандар Астана Алматы және Қарағанды қалаларында өнер көрсетті.  Жеке концерттерімен қатар жаңа толқынды  хип-хоп мәдениетінен сыр шертетін шеберлік сабақтарын өткізді.

 

 

 

Сурет: Steshka.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер