Қазақстан бүгінгі таңда әлемнің дамыған отыз елінің қатарынан көрінуді басты назарда ұстауда. Сол үшін Республиканың барлық салаларында қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе экономика саласы шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып ортақ ауқымды жоспарларын дамытуды қолға алуда.   Қазақстан мен Ресей экономиканың сан саласында 4 млрд долларға тең  27 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Екі елдің экономика министрлері сәйкес келісімге қол қойды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жобаларды іске асыру өзара сауданы 5-тен 11 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Экономика министрлері Қуандық Бишімбаев пен Алексей Улюкаев сауда-саттық аясын ұлғайтудың бағыт-бағдарын саралады. Министрлер Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының тұрақтылығын және интеграциялық үдерістің нығая түскенін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өзара сауда деректерін салыстыруды жүргізу жөнінде  келісім жасасты. Бұл тауар айналымын арттыруға тың серпін беруі тиіс.

 

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Екі елдің арасындағы сауда айналымы қазіргі жағдайда 700 млн долларға дейін өсуге мүмкіндік алады. Ал, келесі жылдардан алатын болсақ, экономикалық ахуал Ресей мен Қазақстанда жақсарса, ол әрине бұрынғыдан салдардың алдын алуға жетуге мүмкіндік ашады.

 

АЛЕКСЕЙ УЛЮКАЕВ, РФ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазір дағдарысқа қарсы тұру үшін бірлесіп жұмыла жұдырық болып жұмыс істеу маңызды. Бұл жобалардың екі ел экономикасын тұралатпай, алға бастырыуына сеп боларына сенемін.

 

Қазақстандық кәсіпкерлер украиналық әріптестерімен де ортақ кәсіпорындар құрып, Украина экономикасына инвестиция құюға ниетті. Бұл туралы Киевте өткен бизнес форумда айтылды. Тараптар қос мемлекеттің экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға арналған ортақ жол картасын әзірлеумен айналысты. Бұл басқосу екі ел іскерлердің осындай форматтағы екінші кездесуі болып отыр. Бұған дейін тараптар 4 миллион доллардан астам сомаға келісімшарт бекіткен болатын. Бұл жолы Украинаға өз тауарларын жеткізу туралы келіссөздерді машина жасау, химия, құрылыс, фармацевтика, тамақ, металлургия саласында жұмыс істейтін 11 кәсіпорын өкілдері жүргізген.

 

САМАТ ОРДАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазір Қазақстан мен Украина арасындағы ынтымақтастық аясында ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу және ауылшарушылық машиналарды жасау саласындағы алғашқы жобаларымыз бар. Сондай-ақ, Ай-Ти технология саласында ортақ кәсіпорындар құру мәселесі де талқыланып жатыр.  

 

АСҚАР АРЫНОВ, "KAZNEX INVEST" ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІГІ" АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Біз Украинаның өнеркәсіптік компанияларын Казақстан аумағында ортақ өндіріс құруға шақырамыз. Ол үшін елімізде бар жағдай жасалған. Біз өзіндік тәртібі бар 10 еркін экономикалық аймақ құрдық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер