Қазақстандық ғалым Асқар Баубектің өнертабысын кәрі құрлықтағы 38 елдің ғалымдары мойындады. Бір емес бірнеше үйді жылумен қамтуға қауқарлы қондырғы – нағыз инновациялық жоба. Оның баламалы түрлерінен басты ерекшелігі - қуаттылығында. Бірегей отандық пеш екі мың градус температураға дейін қыза алады. Ал, бүгінде әлем бойынша қолданыстағы дәстүрлі қондырғылардың жану көрсеткіштері 1600 градустан аспайды, дейді қазақстандық ғалым. 

 

Асқар БАУБЕК,  ЖОБА АВТОРЫ, ЕҰУ ДОЦЕНТІ:

Біздің ноухау - мына жану камерасы. Біз оны мүмкіндігімізше жетілдірдік. Жоғары температура алу үшін желдеткішпен қатар, жылу шығаратын болат қондырғыға қызып кетуден қорғайтын қосымша салқындатқыш орнаттық. Сондай-ақ, жылу тарататын жүйенің  аэродинамикасы мен гидравликалық кедергісін, яғни  қысымын күшейттік.  Осының арқасында жанған отын қалдықсыз түгелдей күйіп кетеді. Есесіне жанармайдың энергиясы толықтай жылуға айналады.

 

Күшейтілген аэродинамика мен қысымның үйлесімді жұмысы отын көлемін де әлдеқайда үнемдейді. Бұл 1,2 МВт-тық қондырғы 2 МВт-тық пештер беретін жылу көлемін өндіреді, бірақ жанармайды 30 пайызға аз қажет етеді.

 

Михаил ЖҰМАҒҰЛОВ, ЕҰУ ДОЦЕНТІ:

Енді бір айырмашылығы кез-келген дәстүрлі немесе баламалы отын түрлерін пайдалануға жарамды. Әмбебап өнертабыс дизель отыны мен көмір, қатты тұрмыстық қалдықтар, пайдаланылған өсімдік майы, сумен араластырылған-мазут және газбен бірдей тиімді жұмыс жасай береді. Ең маңыздысы отын қалдықсыз жанғандықтан түтіні аздау болады. Сондықтан  сыртқа шығатын зиянды заттар көлемі шамамен20 пайызға кемітіліп отыр.   

 

Асқар Баубектің жану саласына енгізген жаңашылдығы қазақстандық, ресейлік және халықаралық сарапшылардың сын көзінен сүрінбей өтті. Оның әлемде баламасы жоқ бірегейлілігін дәлелдеу үшін тәжірибелі сала ғалымдарының 26 ай бойы зерттеулер жүргізген. Нәтижесінде отандық ғалымның өнертабысы жер бетіндегі 100-ге тарта  ұқсас қондырғылардың ішінен теңдесі жоқ инновация деп мойындалды.

 

Асқар БАУБЕК,  ЖОБА АВТОРЫ, ЕҰУ ДОЦЕНТІ:

Ендігі мақсатым бастамамды өндіріс жолына қою. Бірқатар ұлттық алпауыт компаниялар менің қондырғымды қолдануға ниет танытып отыр. Ұсыныстарды қанағаттандыру үшін қаржы құюға мүдделі инвесторлар қажет. Бүгінде көмірсутегі отынын жағатын пештерді құрастыратын зауытпен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер