Швейцариялық бизнес елімізге инвестиция жасауға мүдделі. Қазақстанға келген швейцариялық делегация өкілдері серіктестікті кеңейту мәселесін көтерді. Шетелдік инвесторлар банк жүйесі, құрылыс, көлік логистикасы және медицина салаларында бірқатар жоба ұсынып отыр. Екіжақты кездесу барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Швейцария-Ресей/ТМД сауда палатасы арасында меморандумға қол қойылды.  

 

АЯН ЕРЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз қазақстандық бизнеске швейцариялық серіктестерімен байланыс орнатуға көмек көрсетеміз. Бұл тұста Швейцария тарапы да қолдау көрсетуге дайын. Олардың біздің елімізге деген қызығушылығы жоғары. Өйткені Қазақстан арқылы  Қытай мен Ресей  нарығына да  шығуға  болады.

 

ГИ МЕТАНН, ШВЕЙЦАРИЯ, РЕСЕЙ/ТМД САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің делегация құрамына мұнай-газ саласынан бастап денсаулық сақтау және қаржы секторына дейінгі  33 компания өкілдері енді.  Саясат тұрғысынан алар болсақ, Қазақстан мен Швейцария бір-біріне өте ұқсас. Менің ойымша, қазір Қазақстанға инвестиция жасаудың дәл қолайлы кезі. 

 

Келіссөздер барысында швейцариялық компания Қазақстанда кірпіш зауытын салуды да ұсынды. Өнім үйде жылуды ұзақ уақыт бойы сақтап тұратын цемент пен сүректен жасалмақ. Жобаның басты артықшылығы – бағасында, дейді бизнесмендер. Оның үстіне қажетті материалдар үшін шекара асудың қажеті  жоқ.

 

ГИДО САККО, «GLOBAL CONTRACTORS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Материал жер сілкінісіне шыдамды.  Біз жылына жарты миллион шаршы метр өнім шығара аламыз. Жоба құны – 25 млн доллар. Қажетті есептеулерді жүргізу барысында жобаның құны толықтай ақталатына көз жеткіздік.

 

2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларды құраған. Алайда сарапшылар, бұл әлі де аз көрсеткіш деп отыр. 

 

ГИ МЕТАНН, ШВЕЙЦАРИЯ, РЕСЕЙ/ТМД САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан - аймақтағы негізгі елдердің бірі. «Жібек жолының экономикалық белдеуі», «Астана» халықаралық қаржы орталығы сынды жобалардың негізінде осындай қорытынды жасап отырмыз. Қазақстан қарқынды дамуда. Сондықтан біз  «ЕХРО» көрмесіне белсенді қатысуды жоспарлаудамыз. Павильонымызға мейлінше көп швейцариялық компанияларды тартатын боламыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер