Лондонда «Астана» халықаралық қаржы орталығының «Инвестор күні» өтті. Онда британиялық және халықаралық ірі инвестициялық компаниялардың басшылары «Астана» қаржы орталығының алдында тұрған стратегиялық міндеттермен танысты.

 

Дэниель КОРРИГАН, «THE CITY UK» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ЕУРАЗИЯ ЕЛДЕРІ БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

Біз жақында Астанаға бір аптаға барып келдік. Ол жақта өр мақсатты, бірақ жүзеге асуы кәдік жоспарлармен таныстық. Бүгінгі форумға келген 80-ге жуық қатысушы да Қазақстан тарапынан ұсынылған қолайлы жағдайларға қызығып отыр. Біз енді нәтижелі жұмыс күтеміз.

 

Британиялық «Norton Rose Fulbright» заң компаниясының серіктесі Саймон Кокстың  пайымдауынша, «Астана» қаржы орталығында ағылшын құқығын қолдану және қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін пайдалану Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек.

 

САЙМОН КОКС, «NORTON ROSE FULBRIGHT» КОМПАНИЯСЫНЫҢ СЕРІКТЕСІ:

Менің ойымша, бұл бірігіп, жұмыс жасауға ниетті Астана мен Лондон үшін үлкен мүмкіндік. Келер айда мен Қазақстанға барып, қаржы орталығының жұмысында ағылшын құқығын қолдану мәселесіне заңгер ретінде қолдау білдірмекпін.

 

Бизнес-қауымдастықтың алдында сондай-ақ, Біріккен Корольдіктегі Қазақстан елшісі Ержан Қазыханов та сөз сөйледі. «Әлемдік нарыққа шығуға мүдделі қазақстандық компаниялар үшін және біздің елдің нарығынан дәмелі шетелдіктер үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік» деді ол өз сөзінде. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов болса, орталықтың құрылуы қазақстандық экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаның бір бөлігі екендігін мәлімдеді. 

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Лондондық компаниялардың Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасына деген қызығушылығы жоғары. Жақында британиялықтар алдағы жылдары жекешелендіруге жататын «Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық холдингтердің өкілдерімен кездесті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер