Деректі фильм түсірудегі  американдық  көзқараспен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері танысты. Бұл - мұхиттың ар жағында өз жұмыстарымен танылып үлгерген продюсер,  режиссер Джеймс Редфорд туындыларының Қазақстанда алғаш көрсетілуі.  Негізінен әлеуметтік және экологиялық  проблемаларды фильмдеріне арқау ететін режиссердің жұмыстары «Санденс» тәуелсіз кино фестивалі мен американдық HBO арнасында көрсетілген болатын.

 

ДЖЕЙМС РЕДФОРД, РЕЖИССЕР, АҚШ:

«Paper_Tigers»  атты фильмімде мен бір американдық мектептің өмірін көрсеткім келді. Ол білім ордасында отбасында зорлық-зомбылық көретін балаларды оқытудың  тиімді  әдісі енгізілген.  Ал екінші фильмімде баланың  жағымсыз әрекеттермен неғұрлым жиі кездессе,  болашақта оның дамуы мен денсаулығына соғұрлым кері әсер тиетінін  ғылыми дәйектермен дәлелдеуге тырыстым. 

 

«Қазір деректі фильмдердің алтын ғасыры»,- дейді Джеймс Редфорд. Алайда ол картинаны безендіруге емес, көрерменнің санасына түрткі болатын, ой салатын фильмдерге бет бұру керек  деген ойда. Көрерменмен тіл табысудың бірден-бір жолы - осы. Көрермен демекші,  «әр елдің салты басқа» деген тағы  бар.  Белгілі режиссер Сламбек Тәуекел американдық қоғам үшін өзекті мәселелер біздің ортада қисынсыз болуы да әбден мүмкін дейді.

 

СЛАМБЕК ТӘУЕКЕЛ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, РЕЖИССЕР:

Американдық режиссерлер мен қазақстандық режиссерлердің айырмашылығы біз бен американдықтардың айырмашылығы сынды. Мысалы, біз кемшілікті экранға шығарғымыз келмейді. Ал олар шындықты экраннан шығарудан қорықпайды.

 

«Біреудікі дұрыс деп те дөп басып айту қиын»,- дейді Сламбек Тәуекел. Сондықтан қазақстандық студенттер толықтай өзге әдісті игеруге емес, олардан өзімізге жақын, қолдануға тұрарлық тәсілдерді меңгеруге ден қоймақшы. 

 

АЙДОС СЕЙІТЖАН,   ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ:

Неге үлгі ретінде пайдаланбасқа? Документалды киноның мықты жағы – өмірден алынады. Нақты проблемаларды, нақты адамдарды, олардың өмірін терең зерттейді. Негізі, шығармашылықтың , өнердің мақсаты – қоғамды дамыту. Идеалға келтіру деп те айтуға болады.

 

Қазақстандықтарға өз жұмыстарын ұсынған Джеймс Редфорд болса,  алдағы уақытта бірлескен жобаларға қатысып, Қазақстан туралы фильмнің  түсірілуі де ғажап емес деп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер