Жаңа бейнедегі жаңартылған «Kazakh TV» арнасы  көрерменге жол тартты. 25 қазаннан бастап «Білім және мәдениет» пен «Kazakh TV» арналары  бір атаумен таралмақ. Шетелдік көрерменге хабар қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылатын болады.  Ал қазақстандықтар арна бағдарламаларын  кабельдік желілер арқылы қазақ және орыс тілдерінде көре алмақ.    Экономика,  Қазақстан тарихы, мәдениет  және дәстүр туралы бағдарламалар  эфирде жалғасын таппақ. «Kazakh TV» ұжымымен және БАҚ өкілдерімен кездескен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елімізді халықаралық деңгейде танытудағы арнаның маңыздылығын атап өтті. 

 

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ :

Kazakh TV 100-ден аса елге таратылады. Сол арқылы шетелдіктер бізге келулері үшін елімізді көрсетеміз. Қазақстанның бренді, слоганы бар екен деп емес, Қазақстанның жетістіктерін көрсету - басты мақсат. Сондықтан да біздің қазақстандық жаңалықтарды 15 пайызға қысқарттық. Өйткені біздің күнделікті жаңалықтар шетелдік аудиторияға қызықты да емес шығар.

 

Андрей ТАРАКОВ, «KAZAKH TV» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ :

Осыдан тура 14 жыл бұрын «Caspionet» арнасы спутникке шықты. Уақыт өте келе спутниктік телеарналарға қойылар талап та біршама өзгерді. Қазіргі таңда елімізде ұлттық бренд жасау мәселесі қарастырылуда, тиісті байқау да жарияланды. Біздің арна да осы бағытта жұмыс істемек. Яғни шетелдік аудиторияны елдің ерекшеліктерімен таныстыратын боламыз.

 

Жаңа эфирлік безендірумен қатар, арна логотипі де ауысты. Жаңа белгіде руналық жазбаларды да көз шалады. Жазудың жанында  төртбұрыш ішіндегі дала қыраны бейнеленген.  Ол ежелден  қазақ халқы үшін еркіндік, тәуелсіздік пен мақсатқа жетудің нышаны. Тәуелсіз Қазақстан үшін қыран жаңа белестерді бағындыруды білдірсе,  арна үшін халықаралық телевизия кеңістігінің шыңдарына ұмтылудың белгісі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер