Қазақстан мен Венгрия тікелей инвестиция қоры аясында алғашқы жобаны бастау жөнінде келісімге келді. Оның жалпы құны - 20 млн доллар. Жоба негізінен агроөнеркәсіп кешені саласында жүзеге асады. Бұл туралы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта венгриялық жетекші компаниялар жемісті жұмыс атқарып жатыр. Республика бойынша екі елдің бірлескен 50 кәсіпорыны бар. Келесі жиында қордың жұмысы қорытындыланбақ. 

 

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ - ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін өндеу саласындағы жобаларды іске асыруға мүдделі. Біз астық пен экологиялық таза ет экспорттауға дайынбыз. Біздің өңірлерде жарма өндіру, астықты терең өңдеу секілді бірлескен жобаларды іске асыруға арналған резервтер бар.

 

МИХАЙ ВАРГА - ВЕНГРИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Қазақстан Венгрия үшін орталық Азиядағы ең маңызды әріптестердің бірі. Бұл ел Еуропа мен Азияның ортасындағы көпір. Венгрия тарабы Қазақстанның бастамаларын қолдайды. Күшімізді біріктіріп, жұмыс істеуіміз керек.

 

Сонымен қатар, еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Венгрияның ұлттық экономика министрлігі арасында халықты жұмыспен қамтамасыз ету саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті мен Венгрия мемлекеттік қазынашылығы арасында да ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер