Қазақстан - Грекия Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда әріптесі. Өткен жылы экономикалық қаржы дағдарысқа қарамастан, арадағы тауар айналымы 1 миллиард 400 миллион долларды құрады. Грекияда көпшілікке танымал Evexia оңалту орталығының президенті елімізде жаңа клиника ашуға дайын. Клиниканың мамандары күрделі операциядан шыққан немесе ауыр хәлге түскен  науқастардың денсаулықтарын жақсартып, қалпына келтіруге жәрдем береді. Бұл жоба бойынша салынатын инвестиция көлемі 10 миллион доллар.

 

АНТОНИОС ЯКИНТОС, EVEXIA ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз медициналық оңалтумен айналысамыз. Қазақстанда бұл қызмет түріне сұраныс өте жоғары, яғни бұндай көмек қажет. Біздің көзіміз оған жетіп отыр.  Бірлесіп, оңалту орталығын құруға Қазақстан елі өте қолайлы. Жергілікті халық  қызметімізді жақсы қабылдап, бағалайтыны анық, бірінші кезекте, игілігін жергілікті халық көреді.

 

Жуырда Астанада өткен бизнес-форум барысында Грекия мен Қазақстан кәсіпкерлері өзге салада да ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.

 

СПИРОС КУВЕЛИС, ГРЕКИЯ-ЕУРАЗИЯ ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Атап айтқанда, «Жасыл энергетика» ынтымақтасуға болатын өте маңызды  сала. Азық-түлік өндірісі,  туризм, қызмет көрсету, көлік және логистика салаларында да бірлесіп еңбек етуге мүмкіндік мол. Қазақстан жаңа кәсіпорындар ашуға өте қолайлы мемлекет. Еуразиялық Одақпен ынтымақтастық орнатудың пайдасы зор. Біз Экономикамызды дамыту мақсатында ЕАЭО-пен қарым-қатынас орнатқан Еуро Одақтың  алғашқы елі болсақ дейміз.

 

Еуразия нарығы мен оның 180 миллиондай тұтынушысы грек бизнесін қатты қызықтырады. Өткен ғасырдың 40 жылдары Қазақстанға Кеңес Одағының басқа республикасынан 60  мыңдай грек жер аударылған болатын. Бүгінде олар қазақ елінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондықтан да болар екі елдің достығы  берік әрі бекем. Қазақстан мен Грекия қос елдің елшілігі мен министрліктерінің арқасында мәдени байланыстар да нығайды. Жуырда Афинадағы ең ірі театрдың сахнасында Қазақстандық балет, өнерін көрсетті.  Олар қазақ композиторларының әніне жазылған "Ұлы дала аңыздары" спектакльі мен "Шахрезада" балетін сахналады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер