Ыстамбұл қаласындағы «Қазақ мәдениеті қоғамында» қазақ тілі курсы ашылды. Тіл үйренуге бүгінде Түркиядағы қаракөз қандастарымыз бен қатар жергілікті түріктер де үлкен қызығушылық білдіруде. «Өйткені қазақ тілі - түркітектес халықтардың ішінде табиғи қалпын сақтап қалған ең бай әрі шырайлы тіл» -дейді Түркия жастары. Латын графикасын қолданатын түрік жастарына кирилл жазуы айтарлықтай қиындық туғызды. Алайда қазақ тілінің 9 төл әрпі өздерінде де жиі кездесетіндіктен, оқушылар лезде қабылдап алды.

 

Йелиз ЧАКАР, ЫСТАМБҰЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Біз Қазақстанға бардық. Ол жер бізге өте ұнайды. Сол үшін біз қазақша үйрену керек екен деп ойладық. Біз құрбыларымызбен бірге курсқа бардық. Курс жақсы өтті. Тек бір сабақта осыншама үйрендік. Бізге курс өте ұнайды.

 

«Қазақ мәдениеті қоғамында» тіл курсымен қатар былтырдан бері домбыра мен би үйірмесі жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін 60-тан астам шәкірт ұлттық аспапта қазақтың ән-күйін нақышына келтіріп орындауды үйреніп шықты. Осылайша, Түркиядағы қазақ диаспорасы атамекеннен шалғайда жүрген өскелең ұрпақты ата дәстүр мен ұлттық өнерге баулып отыр.

 

Шолпан ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Балаларыма мен ризамын. Ноталарын жазып беремін, үйден орындап келеді. Талаптанып оқимыз, үйренеміз деп жатыр. Түркияда қазақтың фольклорлық ансамблі, қазақтың оркестрі, қазақтың ән-күйін орындайтын ансамбль, оркестрі жоқ екен. Сол менің арманым осыны өркендетіп, халыққа көрсетсек. Шет елде жүрген қаракөз қыздарымыздың таланты бар екенін, қазақ деген аттарын ұмытпағанын, ұлттық өнерді ұмытпағанын көрсетсек деген армандамын.

 

Орталықтың шәкірттері қаладағы мәдени іс-шараларға да белсенді қатысып, қазақ өнерін жан-жақты насихаттауда. Дарынды жастар келер жылы Наурыз мейрамында халыққа есеп беру кешін өткізуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер