Қазақстандықтардың 21-ші қарашадан бастап тозығы жеткен көліктерін өткізіп, ақша алуға мүмкіндігі бар. Осылайша, істен шыққан ескі көліктердің санын азайту көзделіп отыр. Жаңа бағдарламаға сәйкес, салмағы үш жарым тоннаға дейінгі, орындарының саны 7-ден аспайтын темір тұлпарларды өткізуге болады. Әр көлік техникалық жағдайына байланысты 48 мыңнан бастап 150 мың теңгеге дейін бағаланады. Ескі көлікті қабылдау орталықтары республиканың 17 қаласында жүзеге асырылады. Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 10 мың көлік сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ, тозығы жеткен техниканы жаңасына ауыстыру үшін арнайы сертификаттар да табысталады. Осы сертификат арқылы отандық жаңа көлік алу үшін 315 мың теңге көлемінде жеңілдік бар. 

 

РУСТАМ ТЕМІРБЕК, «ОПЕРАТОР РОП» ЖШС  АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 

Қазіргі уақытта ескі техникаларды жоюға арналған арнайы зауыттың құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Ол кешен толықтай заман талабына сай болуы тиіс. Жалпы осы бағдарлама арқылы қоршаған ортаға зиян келтіретін, техникалық тұрғыда қауіпті көліктерден құтылуға мүмкіндік бар.

 

Көлік сатып алушылардың төрттен бірі отандық өнімді таңдады

 

Автокөлік сатып алған қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі отандық өнімді таңдаған. Бұл туралы  "Қазавтопром" одағының басқарма төрағасы Олег Алферов хабарлады. Оның айтуынша, соңғы 9 ай ішінде ел аумағында 8 мыңнан астам автокөлік шығарылып, сатылған. Мемлекет тарапынан бөлінген арзан несие отандық тауарға деген сұраныстың артуына түрткі болған. Қазіргі кезде осы бағдарламаны қайта жалғастыру жайы талқыланып жатыр. Биыл автокөлік өндірісі елдің жалпы ішкі өніміне 51,6 миллиард теңге қаржы әкелді. Алдағы уақытта халық үшін қолжетімді тағы бірқатар модельдерді шығару көзделіп отыр.

 

ОЛЕГ АЛФЕРОВ  "ҚАЗАВТОПРОМ" ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК САЛАСЫ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ОДАҒЫ" ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстандықтар ай сайын 3 мыңнан астам жеңіл көлік сатып алады. Отандық автокөлік өндірісінің дамуы өте жоғары деңгейде. Біздің зауыттар ұсынып отырған бағалар да оған тікелей әсер етіп отыр. Алдағы уақытта Б класындағы тағы бірнеше модельдер нарықта пайда болады. Олардың құны шамамен 12 мың долларды құрайды.  

 

Сурет: easttime.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер