Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбенің 83 көшесі мен 9 елді мекеніне ұлттық атау беріледі.  Заречный 1, 2, 3, 4 атаулары өз кезегінде Сығанақ, Сарайшық, Тұран, Күлтегін болып өзгеруі мүмкін. Ал Оңтүстік-Батыс 1, 2 аудандарына Абылай хан, Хан тәңірі атауы беріледі. Бұл ұсынысты қалалық әкімдік шағын аудан тұрғындарына жеткізді, деп хабарлайды Bnews.kz.

 

Қалалық мәслихат депутаттары мен қалалық әкімдік өкілі атауы бір-бірінен айнымайтын, 1, 2, 3 деген санмен ерекшеленетін елді мекендерді аралады. Алдымен №61 орта мектепке Заречный-3 ауылының тұрғындары жиналды. Бұл ауыл болашақта Тұран аталуы мүмкін. Ал Заречный-1 ауылына Сығанақ, Заречный 2-ге Сарайшық, Заречный 4-ке Күлтегін атауы таңдалды. Жергілікті тұрғындармен кездесуді бастаған топ Заречный-3 елді мекеніне Ақжол, Алтыбақан, Өнеге, Арғымақ, Ғибадат, Базарлық, Отан секілді бірнеше атауды ұсынды.

 

«Тәуелсіздік жылдарында қалада 22 тұрғын үй алаңы құрылған екен. Таяуда Ақтөбе қаласының бас жоспары бекітілді. Соған орай Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында атаусыз көшелерге атау беруге рұқсат берілді. Жоспар бойынша атау таңдалды. Мәселен, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік-Батыс 2 елді мекендеріне Абылай хан, Хан Тәңірі атауы берілуі ықтимал. Ал бас жоспарға сәйкес Батыс-1, 2, 3, 4 аудандарын «Ақтөбе сити» деп атаймыз. Бұл іскерлер қалашығы болмақ. Батыс-2 ауданындағы орталық көшеге

 

Тәуелсіздік даңғылы атауы беріледі. Тұрғындар ұсынысты қолдап жатыр»,- дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл.

Мұндайда дөкейдің әкесі мен көпшілік білмейтін адамның есімі берілмейді. Себебі, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бір реттік ұлттық атау беруге мүмкіндік жасалған.

 

«Қазаққа аса құнды атауларды халық назарына ұсынамыз. Сондықтан, ата-анасы есте қалсын, сол көшенің белді тұрғыны деген ойлар қабылданбайды»,- дейді Мадияр Қабыл.

 

Сонымен қатар, Сельмаш ауданын Достық, Сельмаш-2 ауданын Ақ Отау деп атау ұсынылды. Барлығы 83 көше мен 9 елді мекеннің аты жаңарады. Қазір әкімдік өздері таңдаған атауды халыққа таныстырып жүр. Егер қоғамдық қабылдауға қатысқан тұрғындар келісім берсе, қалалық мәслихатта бекітіледі. Кейін республикалық ономастикалық комиссиясы қарап, соңғы нүктені облыстық мәслихат қояды.

 

Айта кетейік, жергілікті әкімдік өкілдері көшелер мен елді мекендердің атауы өзгерген кезде үйдің техникалық төлқұжаты тегін өзгертілетінін жеткізді.

 

Фото: inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер