Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін жолдарды атап берді. Биыл бірнеше жол учаскесі толығымен тапсырылса, басқа жобалар бойынша тек белгілі бір аралықтар ғана ашылады, деп хабарлайды Baq.kz.

 

Министрдің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың басты артериясы болып саналатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қазақстандағы бөлігі аяқталуға жақын. Қазіргі кезде Алматы – Қорғас (304 км.), Шымкент – Ташкент (100 км.) және Шымкент – Жамбыл облысы (81 км.) учаскелерінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін аталған жолдарда да көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.

 

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астанадан төрт бағытта жол салу міндеті қойылған болатын. Бүгінде «Орталық - Оңтүстік» жобасы, яғни Астана – Алматы бағытында Астана – Теміртау (171 км) мен Алматы – Қапшағай (104 км) учаскелері жөнделуде. Оны да жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

 

«Орталық - Шығыс» жобасы: Астана – Өскемен бағытындағы жолдың құрылысы биыл аяқталмайды. Қазіргі кезде Астана – Павлодар (441 км) мен Павлодар – Семей – Қалбатау (473 км) бағыттарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жылдың соңына дейін Астана – Павлодар жолы мен Ертіс арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталады деген жоспар бар.

 

«Орталық - Батыс» жобасы: Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау бағытындағы Бейнеу – Ақтау жолы да биыл пайдалануға берілмейді. Алайда Бейнеу – Шетпе аралығындағы жол толығымен тапсырылады. Бұдан бөлек, Ақтөбе – Атырау жолының құрылысы жалғасып жатыр.

 

Ал Астана – Петропавл – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл тек Петропавлға дейін жөнделеді. Келесі жылы жолдың қалған бөлігі төселмек. Бұдан бөлек, Алматы – Өскемен (803 км), Орал – Каменка (100 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км), Үшарал – Достық (184 км) мен Астанадағы оңтүстік-батыс айналма жолын (31 км) алдағы жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Ал Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды (925 км) жолының құрылысына қажеті инвестициялар әлі табылған жоқ.

 

Жалпы, биыл республикалық бюджеттен жол құрылысына 329,7 млрд теңге бөлінген болатын. Министрдің сөзіне қарағанда, жылдың аяғына дейін аталған қаржы толығымен игеріледі.

 

Фото: altyn-orda.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер