Елімізде 350 мыңға тарта балаға алимент төлеу керек. Оның жартысына жуығы әртүрлі себеппен өздеріне тиісті қаржыны ала алмайды. Азаматтардың жұмыссыздығы мен табысының жоқтығы – алиментті уақтылы төлемеуге әсер етеді. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жазалаудың жаңа түрі мәжбүрлі жұмыс істетуді енгізу ұсынылмақ. Бұл туралы Үйлестіру кеңесінің отырысында Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

 

«Алимент төлемейтіндер арасында маскүнемдер, нашақорлар, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар көп. Яғни, өз еркімен жұмыс істегісі келмейтін адамдарды мемлекет мәжбүрлі түрде жұмыс істетуі керек. Балалардың алименті осылайша төленеді», - дейді И.Меркель.

Дегенмен, ата-аналық міндетін орындаудан бөлек, алимент төлеуде жауапкершіліктен қашып жататын ата-аналар арасында табысты адамдар да көп. Олардың көпшілігі тіркеудегі мекенжайынан табылмай, паналаған жерін жасырса, кейбіреуі табысын төмендетіп көрсету арқылы баласына төленетін алимент мөлшерін азайтқысы келеді.

«Алимент төлемейтіндердің басым бөлігі – табысы бар және төлеуден әдейі қашқақтайтын адамдар. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Хасанов деген азамат жалған анықтама жасатып, жалақысын 30 мың теңге деп көрсеткен. Осылайша, баласына айына 5-6 мың теңге қаржы аударып отырған», - дей келе, И.Меркель қазіргі заманда бұл ақшаға баланы тамақтандырып, киіндіру мүмкін еместігін айтты.

Оның айтуынша, кейбір азаматтар алимент төлемеу үшін адам сенгісіз қадамдарға барады. Мысалы, Орал қаласында тұратын 70 жастағы кәсіпкер алимент төлемеу үшін бұрын азаматтық некеде тұрған әйелі мен 8 жасар қызын өлтіру үшін киллерге 5 мың АҚШ долларын берген. Полиция қылмыстың алдын алып, тапсырыс беруші 15 жылға сотталды.

 

Сурет: inform.kz

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер