Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңдеу өнеркәсібіне 2 жарым млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 млрд долларға жетеді. Бүгін брифингте "Kaznex invest" АҚ басқарма төрағасы Бөрісби Жанғоразов осындай жоспармен бөлісті. Оның айтуынша, өңдеуші секторда химия өнеркәсібінің үлесі соңғы 6 жылда 2 есе артып, 4,2 пайызға жетті. Осы кезең аралығында химия саласына 191 млн доллар тікелей инвестиция тартылған. Былтыр 200 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндірілді. Бастысы, бұл салада құрылған бір жұмыс орны, өзге секторларда  6 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 

БӨРІСБИ ЖАНҒОРАЗОВ - "KAZNEX INVEST" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Үкімет индустриалды инновациялық даму бағдарламасын іске асыру кезінде экспортқа мақсатталған өндірісті құруға басымдық беруде. Осылайша,  біз біртіндеп сырттан жеткізілетін өнімдерді ығыстыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен, импорттан мүлде бас тарту мүмкін емес. Себебі, кейбір тауар түрлерін өзімізде өндіру экономикалық тұрғыда тиімсіз.

 

СӘУЛЕ БАЙТЖАУНОВА "БАСФ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ" ЖШС  БӨЛІМШЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің компания Қазақстанда 24 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Алматы мен Астанада бетонға қосатын қоспалар өндіретін 2 кәсіпорын ашқанбыз. Енді заманауи талаптарға сай құрылыс материалдарын шығару жоспарда бар. Алғашқы материалдар ЭКСПО-2017 көрмесінің жобаларына қолданылады деп күтілуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер