Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Иран, Франция, Кувейт елдерінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілерімен кездесті. Кездесуде ауыл шаруашылығы, түрлі түсті, қара металлургия, геология, қызмет көрсету салаларын бірлесе дамыту жайы талқыланды, деп хабарлайды Bnews.kz.

 

Өңір басшысы Иран Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті. Ақтөбелік тарап ирандықтарға геология, түсті және қара металлургия саласын дамытуды ұсынды. Сонымен қатар, өткен жылы бидай, арпа сатып алып, сапасына жоғары баға берген шетелдіктерге биыл мол шыққан астықты тасымалдау жоспарда бар. Тіпті, ірі қара мен қой жеткізуге Ақтөбенің мүмкіндігі жетеді.

«Қазіргі кезде 1 миллион 200 мың гектар жерді ауыл шаруашылығына пайдалануға болады. Ирандық кәсіпкерлер бидай, көкөніс, арпа, сұлы егеміз десе, жер беріп, инфрақұрылымды қамтамасыз етуге дайынбыз. Әрі газ, су, жарық бағасы өңірде арзан. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жобаны алғашқы күннен бастап қолдап, нақты іске қосылғанға дейін көмек бере алады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Екіжақты кездесу кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құс фабрикасын, жылыжай салып, ірі қара мен қой сатып аламын деген ирандық кәсіпкерлердің қашан іске кірісетінін сұрады. Ақтөбе білім, медицина, мәдениет саласында да бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін еске салды.
Ал франсуздар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақ үй бизнесі, туризм саласына қаржы беруге дайын. Бірақ, алдымен облыстың қажеттіліктерін біліп алу керек екен.

«Ертең Ақтөбеде Францияның атақты брендімен қонақ үй ашылады. Бұдан басқа, біз жолдағы қауіпсіздікті қамтасыз ету, яғни, радарлар орнату, жалпы қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірнеше жобаны қолға алуды ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, білім беру және кадрлардың біліктілігін арттыру жөнінде жобалар бар»,- деді Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбе облысы мен Франция арасындағы тауар айналымы 13,1 миллион доллар болған екен. Ақтөбеліктер Францияға минералды, химиялық өнеркәсіп өнімдерін жөнелтсе, ол елден бізге дәрі-дәрмек, құбырлар әкелінген. 

 

Фото: timenews.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер