Оңтүстік Кореяда «Қазақстан және Экспо-2017» роуд-шоуы өтті. Жиынға Кореяның жетекші туроператорларынан 70 маман келді. Олардың мақсаты, туристерге ЭКСПО өтетін елге сапалы саяхат ұйымдастыру.

 

Роза Асанбаева  «Астана ЭКСПО-2017» АҚ туризмді дамыту департаменті директорының орынбасары:

Өткен жылы Экспо-2017 комиссарының сапары  аясында «Астана-Экспо» ҰК мен Кореяның Ұлттық туризм ұйымының арасында келісімге қол қойылды. Содан бері бір жыл ішінде атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі осы роуд-шоуда көрсетіліп отыр. Бұл шараны олар қызыға күтті. Әлемнің барлық туроператорлары өз жерлестерінің  жаңа елдерге аттанып, жаңаша әсер алғанын қалайды. Сондықтан Қазақстан туралы көбірек біліп, өз клиенттеріне көрсеткісі келеді. Әрине олар үшін бұл өте маңызды маусым болады.

 

ЭКСПО-ның табысты өтуі – оны тамашалайтын қонақтар санына да тікелей байланысты. Ал Астанаға 2017 жылы 3 миллионнан астам адам келеді деп болжанған. Туристерді тарту үшін «Астана-Экспо» компаниясы Қазақстанның туристік агенттіктерімен бірге арнайы бағдарламалар әзірледі. Көрме өтіп жатқан уақытта оның қонақтары тек Астанамен шектелмей, қосымша бағыттар таңдап, басқа қалаларға да саяхат жасай алады. Шетелдік туроператорлар үшін табыс көлемі билетті қай уақытта сатып алғанына тікелей байланысты: неғұрлым ертерек сатып алсаң, соғұрлым тиімді болмақ.

 

Сон Иг Гу, туристік компанияның вице-президенті:

Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым, ол маған қатты ұнайды. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, менің сіздің елге деген қызығушылығым аса жоғары. Сондықтан мен  жерлестерімнің назарын Қазақстанға аударып, 2017 жылы оларды сіздің елге мейлінше көбірек жіберуге тырысамын. Сондай-ақ, мен Астанадағы көрмеге  Кореяның студенттерін де жазғы каникул кезінде көптеп жібергім келеді. Бұл олардың жасыл экономика мен болашақ энергиясы саласында мол тәжірибе жинақтауына көмектеседі.

 

Отандық туризм саласының мамандары роуд-шоуларды басқа елдерде де өткізеді. Мұнда олар шетелдік әріптестерімен билет құны, көлік бағыттарының қолайлылығы, қонақты орналастыру шарттары, қызық та танымдық экскурсиялар ұйымдастыру секілді маңызды мәселелерді пысықтауға мүмкіндік алады.

 

 

 

 

Сурет: www.inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер