Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның спортшылары қысқы және жазғы Олимпиада ойындарында 76 медаль жеңіп алып, ел мерейін асқақтатты, деп хабарлайды BNews.kz.

 

Қазақстан 1991 жылдан бастап халықаралық спорттық ареналарда дербес тәуелсіз мемлекет ретінде өнер көрсете бастады.
Сөйтіп, Тәуелсіздік алған уақыттан бастап республикамыздың спортшылары қысқы олимпиада ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014) 1 алтын, 3 күміс, 3 қола - барлығы 7 медаль жеңіп алды. Ал жазғы олимпиада ойындарында (1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016) спортшыларымыз ел қоржынына 19 алтын, 22 күміс, 28 қола  - барлығы 69 медаль салды. Оның ішінде биыл Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) иеленді. Бұрын-соңды әлемдік байрақты бәсекеде біздің спортшылар осынша медаль алып көрген емес.
Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында да  табысымыз жоқ емес. Жазғы ойындарда спортшыларымыз (2010, 2014) 6 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль, ал қысқы жарыстарда (2012, 2016) 2 күміс, 5 қола медаль еншіледі.+

 

Ал Азия ойындарындағы Қазақстанның жетістігі орасан. Жазғы Азия ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014) біздің спортшылар 140 алтын, 140 күміс және 201 қола - барлығы 481 медаль иеленген. Қысқы ойындарда (1996, 1999, 2003, 2007, 2011)  қазақстандықтар 69 алтын, 51 күміс, 44 қола - барлығы 164 медаль алды.
Биыл паралимпиадашыларымыз үлкен жеңіске жетті. Бразилияда өткен 15-ші жазғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 1 алтын мен 1 күміс жүлдеге ие болды. Жүзуде суырылып алға шыққан Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын жаңартып, Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Ал Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен күміс медаль олжалады. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтетін дүбірлі додада тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет алтын жүлде алып отырмыз.

 

Фото: mignews.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер