Шығыс Қазақстандағы Дегелең тауына  арқарлар орала бастады. Тастан тасқа секірген түз тағылары Ұлттық Ядролық Орталықтың мамандарының жер-жерде қойған фототұзағына түсіп қалған.  Бейнежазбалар  көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Үйір-үйір арқарлардың жайбарақат жайылып жүрген көрініске өзіміз де таң қалдық дейді ғалымдар. Қазір мұндағы мамандар полигон аумағындағы аң-құстардың бойындағы радионуклидтердің мөлшерін анықтаумен айналысуда.

 

Андрей Паницкий, ҚР ҰЯО экожүйені кешенді зерттеу бөлімінің басшысы 

 

Дегелең тауының тек бір бөлігінде ғана 92 арқар бар екенін анықтадық. Бұл жерлер қоршалып, күзетілетіндіктен олар емін-еркін жайылып жүр. Кейбіреулер ойлағандай жан-жануарлар әлемінен қандай да бір ауытқулар мен ерекше көріністер байқамадық.

 

Бұл күндері Курчатовта «Семей сынақ алаңы. Радиациялық мұра және даму болашағы» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оған еліміз бен әлемнің 17 мемлекетінен 200-ден астам ғалымдар қатысты. Олар бұрынғы сынақ алаңының бүгінгі адамзат баласына бейбіт қызмет ететініне сенімді.

 

Шохей Кавано, ғалым 

 

 Қазақстанның Ұлттық Ядролық Орталық мамандары жүргізіп жатқан жүйелі зерттеулерге біз жоғары баға береміз. Фукусимадағы апаттан кейін бізге олардың көмегі көп тиді. Болашақта бірлескен жобалар көп болатынына сенімдімін. 

 

Өткенде атом көлінде балық пайда болғанын хабарлағанбыз. Енді міне, бұрынғы атом полигоны аумағына арқарлар оралуда. Бұл талай жыл қасірет шеккен шығыста мамыражай тіршіліктің  жандана түскенін айғақтайды. 

 

Сурет: voxpopuli.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер