Медициналық сақтандыру кезінде ешкім қосымша жарна төлемейді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық штаб мүшелері үшін селекторлық тәртіпте өткен семинарда мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

 

Ведомство басшысы медициналық сақтандыру жүйесін енгізу себептері туралы қажетті ақпарат берді. Оның айтуынша, аталған жүйе – ең алдымен, медициналық көмек көрсету стандарттарының ЭЫДҰ елдері деңгейінде болуын қамтамасыз етуді көздеп  отыр.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына кіргізу міндетін қойды. Бұл мемлекеттерде денсаулық сақтау саласының негізін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі құрайды. Оларда ортақ жауапкершілік негізгі 3 субъектіге жүктеледі: мемлекет, жұмыс беруші және ел азаматтары. Жыл сайын мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне 800-900 млрд.теңге бөледі, соған қарамастан бізде медициналық қызмет көрсету сапасы дамыған елдерге қарағанда төмен. Егер біз медицинаның сапалы болғанын қаласақ, қосымша қаражат қарастыруымыз қажет. Медициналық сақтандыру жарнасының негізінде 200 млрд. теңгеге жуық ақша алуды ойластырып отырмыз. Бұл қаржы Қазақстанның денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамытуға жұмсалатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, министр мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінің аясында медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландырудың бүгінгі таңдағы көлемін сақтап қалатынын атап өтті. Сақтандыру медицинасы жүзеге асырылған жағдайда мемлекет Медициналық сақтандыру қорына халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобының 10,1 млн. азаматы үшін жарна төлеу міндеттемесін өз мойнына алады.

Сондай-ақ, ол МӘМС жүйесін енгізу кезінде медициналық қызметтер үшін ешбір қосымша жарна төленбейтінін, ал олардың қызмет көрсету сапасы медициналық ұйымдарды қаржыландырудың негізгі талабы болатынын мәлімдеді.

«Медициналық сақтандыру жүйесінде ешбір адам қосымша жарна төлемейді. Қаражатты тек қана Қор төлейді, ол медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы болады. Қор қызметінің басты басымдығы – медициналық қызметтердің сапасы болмақ», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Семинар барысында Тамара Дүйсенова аймақтық штаб өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, медициналық сақтандыру жүйесіне өзін өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтардың қатысуына ерекше мән берді, деп хабарлайды ДСӘДМ баспасөз қызметі.

«Өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған азаматтар үшін мемлекет 2020 жылға дейін жоспарлы госпитализациядан басқа барлық медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған уақыт ішінде осы санаттағы адамдар МӘМС жүйесіне қатысудың 3 нұсқасының біреуін таңдауы қажет: біріншісі – жұмыссыз ретінде тіркелу; екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мәлімденген кірістен немесе ол болмаған жағдайда ең төменгі жалақыдан жарна төлеу; үшіншісі – екінші дәрежедегі банктер арқылы жеке тұлға ретінде ең төменгі жалақыдан 2% көлеміндегі жарна енгізіп тұру», - деп түсіндірді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл 19 қыркүйекте Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысы, 21 қыркүйекте Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау облыстары аймақтық штабының мүшелері үшін семинар өткізді.

Жуырда Тамара Дүйсенова Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Астана және Алматы қалалары үшін семинар өткізеді.

Оқыту шаралары аяқталған соң, аймақтық штаб мүшелері 1 қазаннан бастап халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Олар жұмыс берушілермен, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен, бюджеттік сала қызметкерлерімен, ҮЕҰ және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі түрғындармен кездесулер өткізеді деп күтілуде.

 

Сурет: kapital.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер