Өңірлерде тұрақтандыру қорларын құру, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және азаматтарға электрондық қызмет көрсетуді жетілдіру. Министрлер кабинетінің жаңа құрамдағы алғашқы отырысында осы мәселелер қаралды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жергілікті басшыларға азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе - қазақстандықтарды жұмыспен қамту. Бұл мақсатта билік жаңа тетіктерді қарастырып жатыр. Соның бірі - халықты жаппай кәсіпкерлікке баулу. Шағын бизнесі бар, не болмаса енді ашпақ ниетті азаматтарға берілетін несие көлемі ұлғаятын болды.

 

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Микрокредиттерді беруге 30,8 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ол өткен жылға қарағанда үш есеге көп. Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасап жатқан схемамызды 6 миллионға дейін көтердік, «Нұр Отан» партиясымен жасап жатқан бағдарламамызды 5 миллионға дейін көтердік. Яғни, алдыңғы жылдармен салыстырғанда алатын кредиттер көлемі көтеріліп келе жатыр.

 

Кәсіппен айналысу үшін, мамандықты толық игеру керек. Бұл үшін арнайы курстар ұйымдастырылады.

 

Нұржан Әлтаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары:

Кәсіпкерлікке оқыту курстарында азаматтардың бизнес жүргізу қабілеттіктері тексеріледі. Бір айлық курстан кейін үздіктеріне кәсіп ашуға несие беріледі. Ал бизнеске икемі жоқ азаматтарға, жаңа ашылған кәсіпорындарда қызмет ету мүмкіндігі туады. Мақсат сол.

 

Сондай-ақ, халыққа мемлекеттік қызметтерді электрондық негізде көрсету жетілдіріледі. Бүгінде мемлекеттік қызметтер реестрінде 739 қызмет түрі бар. Соның 530-ын электронды үкімет порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлеттік корпорациясы арқылы алып отырмыз. Ал жыл соңына дейін бұл қызметтердің 80 пайызын автоматтандыру көзделуде.

 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Жыл өткен сайын мемлекеттік қызметтерге сұраныс арта түсуде. Оны бәріміз білеміз. Халықтың тарапынан айтылып жатқан сын мен ұсыныстар да бар. Біз осының бәрін ескеріп, барлық қызметтерді ыңғайлы, түсінікті, әрі жедел көрсетуге күш салатын боламыз.

 

Мемлекеттік қызмет түрлеріне ауыл тұрғындарының қолжетімділігі де артады. Бұл мәселе «Сандық Қазақстан» жобасы аясында шешілмек. Жиын соңында Үкімет басшысы министрлерге тиісті тапсырмалар беріп, жобаларға бөлінген қаржыны тиімді, әрі мерзімді игеруді тапсырды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер