Оралда үшінші "WESTKAZINVEST-2016" халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған еліміздің батыс аймағындағы 500-ге жуық кәсіпорынның өкілдері мен шетелдік инвесторлар қатысты. Форум барысында Қазақстанда шығарылған өнімдер көрмеге қойылып, аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, мұнай-газ, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті арттыру жайы да талқыланды. Германия, Финляндия, Түркия, Қытай, Италия, Иран және Ресей елдерінің қаржылық ұйымдары мен даму институттары қатысқан халықаралық шара барысында жалпы құны 13 миллиард теңгеге инвестициялық келісімшарт жасалды. Италияның «Эй-би-би» компаниясы мен қазақстандық «Орал электро» - 1 жарым миллиард теңгеге жаңа зауыт салуға уағдаласса, Фин компаниялары - Оралдан есік-терезе шығаратын бірлескен кәсіпорын ашуға мүдделілік танытты.       

 

ТАПАНИ КОЙВУЛА, «GENERAL FINLAND» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ «Дженерал Финланд» компаниясын Қазақстандағы мұнай-газ саласы, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау салалары қызықтырады. Біз бүгін қазақстандық компаниялардың бірімен келісімшарт жасастық. Есік-терезе шығаратын бірлескен кәсіпорын ашқымыз келеді. Жыл аяғына дейін инвестициялық бағдарламамызды әзірлеп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз.  

 

ИГОРЬ СТЕКСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Бүгінгі шараға Батыс Қазақстан облысынан 68 кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Нәтижесінде, елімізге келген шетелдік компания өкілдері өңірдің инвестициялық әлеуетімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Құны 13 миллиард теңге болатын 13 меморандумға қол қойылды. Соның аясында келешекте машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистикалық орталық құру, тұрғын үй құрылысын жүргізу секілді экономиканың сан түрлі саласына  инвестиция тартамыз деген сенімдемін.         

 

Фото: www.inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер