Қырғызстанның Чолпан Ата қаласында өтіп жатқан ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші жарыс күні қазақ елі 14 жүлдемен (5 алтын, 3 күміс, 6 қола) жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады, деп хабарлайды BNews.kz.

 

Жарыс ережесіне сәйкес, бұл күні де барлық спорт түрінен спортшылар сайысқа түсті. Бүгінгі таңда 18 мемлекет жүлдеге ие болды.

 

Сайысқа бірінші болып шыққан қазақ көкпаршылары АҚШ құрамасын 15:5 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, жерлестеріміз іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық сайысқа жолдама алды. Енді Қазақстан құрамасы бас жүлде үшін қырғыз елінің көкпаршыларымен кездеседі. Қос қарсылас арасындағы сайыс 8 қыркүйек күні өтеді.

 

Дүбірлі доданың бесінші күні қазақ балуандары үшін жемісті болды. Гүлеш күресінде (Әзербайжан) қазақ елінің намысын қорғаған Ерсұлтан Музаппаров (80 келі) күміс жүлде алса, Дидар Сатбаев (60 келі) қола жүлде еншіледі. Ал қырғыз күресінде Қазақстан құрамасы 3 күміс және 1 қола жүлдені жеңіп алды. Нақты айтсақ, Айтқали Әділбек (60 келі), Қуаныш Искаков (66 келі), Сұңғат Закарияев (90 келі салмақтан жоғары) күміс медаль алса, Дауылбай Оспан (50 келі) қола медаль еншіледі.

 

Осылайша, ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының 5-ші жарыс күні де жалпыкомандалық есепте 10 алтын, 3 күміс, 4 қола (17 медаль) жеңіп алған Ресей құрамасы көш басында тұр. Ал 5 алтын, 3 қола, 6 қола жүлдемен (14 медаль) Қазақстан екінші орынды сақтап қалды. Үздік үштікке 4 алтын, 8 күміс, 14 қоламен (26 медаль) Қырғызстан құрамасы кірді.

 

Сурет: www.gde.kg

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер