Қазақстандықтар Конституция күнін атап өтті. Алматыда Ата заң күніне арналған мерекелік шара қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны - орталық саябақта өтті. Мұнда  отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарлама мен түрлі байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.  Шеберлер қолынан шыққан ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі де халық назарына ұсынылған. Жастарға Конституция туралы түсіндіру мақсатында ақпараттық парақшалар таратылды. 

 

 Дина Байсұлтанова, қала тұрғыны:

Бүгін конституция күні бізге өте маңызды мереке. Өйткені Конституция біздің еліміздің тәуелсіздігін білдіреді. Біз өте қуаныштымыз, еліміз тыныш, аман болып жатқанына.

 

Ал Талдықорғандағы мерекелік жиын «Ата заң – айбыным» атты театрландырылған көрініспен басталды. Онда тарихи оқиғалар тізбегі шынайы бейнеленді. Мереке күнгі спорт жарыстары тартысқа толы болса,  жергілікті өнерпаздардың концертінде туған жер, отан, достық жайындағы әндер шырқалды. «Конституцияны құрметтеу – елдік пен егемендікті құрметтеу, Тәуелсіздікті мақтан ету»,- дейді жетісулықтар.

 

Ал Шымкентте Ата заңымыз бен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орайластырылып  ұлттық нақыштағы туындылар көрмесі ұйымдастырылды. «Алтын күн» атты  шараға қылқалам шеберлерінің ең таңдаулы деген 500-ден астам  шығармалары қойылды. Көрмеге қазақтың қайталанбас ою-өрнегінің мыңдаған үлгісін жасаған Ғани Ілиеявтың ұлы Сұлтанның да шығармалары ілінген. Көпшілікті көбірек қызықтырғаны әсіресе бұған дейін тек кілем мен текеметтің бетіне салынатын Шаршы оюы болды. Алматылық қылқалам шебері оюды жаңа қырынан бірнеше түрмен бейнелеп шығыпты.

 

Бауыржан Нұрмағанбетов,суретші/Алматы/:.

Бұл ою екі түспен салынатын бұрын. Мен оны 16 түспен салдым сол ерекшелігі.Ол бұрын кілемнің үстіне салынатын.Бірақ әр ғасырдың өзінің ерекшелігі болады мен мынау Шаршының жаңа түрін көрсетейін деп едім өзім ойлап тапқан.Соны осы суретке алдым.

 

Әсет Әссанди, қала тұрғыны:

Сұлтан Ілияевтың шығармалары маған әжептеуір әсер қалдырды. Енді алтынның сынығы деуге болады Ғани Ілияевтың ұлы екен әкесінің бойындағы өнері дарыған. Жалпы, мына суреттердің барлығында дерлік біздің ұлттық нақыш бар. Ұлттық рухты оятатын астарына үңілсек үлкен бір жігер күш жатыр сол жағы қатты ұнады маған.

 

 

 

 

Сурет: york.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер