Бельгиялық Ипр қаласында ядролық сынақ құрбандарын еске алу шарасы өтті. Шара Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. Бұл ескерткіш Бельгия еліне 2010-шы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге ресми сапары барысында Қазақстан атынан табысталған. Шара аясында еліміздің Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Алмаз Хамзаев Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласына қосқан үлесі жайында баяндады.

 

Алмаз Хамзаев ҚР Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Қазақстан осы қозғалыста көш бастап келе жатқан ел ретінде үлгі көрсетуде. Біз басқа мемлекеттерді де ядролық қарудан бос әлем құруға шақырамыз. Біз Орталық Азиядағы көршілерімізбен бірге өңірде осындай аймақты құрдық. Президентіміз де осы бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Біздің елдің соңғы жетістігі - ядролық отын банкінің ашылуы.

 

Монументте Президент Назарбаевтың 1991 жылы қол қойған "Семей ядролық полигонын жабу туралы" бұйрығы ойып жазылған. Сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 29-шы тамызды Қазақстанның бастамасы бойынша ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні ретінде жариялау туралы резолюциясын да осы ескерткіште көруге болады.

 

Ян Дюрне Ипр қаласының мэрі:

Қазақстан Президентінің 25 жыл бұрын ядролық полигонды жабу туралы шешімі біз үшін маңызды. Ядролық әлеуеті бойынша әлемде 4-ші орында болған елдің бұл қарудан бас тартуы бейбітшілік идеясының қозғалтқышына айналды. Еуропалықтар  мұндай қадамды құрметтейді. Ипр қаласы "Мэрлер бейбітшілік үшін" ұйымының аясында Семей, Хиросима және Нагасакимен шаһарларымен ядролық қарусыз әлем құру бойынша ынтымақтастығын өрбітпек.

 

Қазақстандық дипломаттар ядролық сынақ құрбандарының Монументі мен Менен қақпасындағы 1-ші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар олардың құрметіне  1 минут үнсіздік жариялап, мұндай оқиғалардың ешқашан қайталанбауын тіледі. 

 

 

 

 

Сурет: www.info-tses.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер