Гаагада Семей полигонының жабылуына  орай "Әлем алауы" ескерткішінің жанында арнайы шара ұйымдастырылды. Ескерткіш 2002 жылы ашылған. Қала тұрғындары мен қонақтары жиі ат басын бұратын жер. Ол 20- шы ғасырдағы атақты түрлі мүсіндердің басын қосқан әлем сарайы саябағының аумағынан орын тепкен. Монументті жағалай қойылған тастар 200-ден астам елден жеткізілген. Бірі -Берлин қабырғасының қирандысы, екіншісі атақты құқық қорғаушы Нельсон Мандела ұзақ өмірін өткізген түрмеден сыр шертеді. Мұң мен қайғы тоғысқан тастардың қатарын Шығыс Қазақстандағы  Семей полигонынан жеткізілген тас толықтырды. Ол адамзаттың қас жауы ядролық қару кесапатының куәгеріндей.  Көрген адамға бейбіт күннің қадірін бағала деп менмұңдалап тұрғандай.

 

Мағжан Ілиясов, ҚР Нидерландыдағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Осыдан 25 жыл бұрын Семей полигонын жабу туралы қабылданған шешім бүгін тарихқа айналды. Осы уақыт аралығында ядролық қарусыздандыруға қатысты бірталай іс атқарылды. Басты жаңалықтың бірі Қазақстанның 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болуы.

 

Джон Ургенс, "World Peace Flame" жобасының менеджері:

Қазақстан шын мәнінде өзге елдерге үлгі. Ядролық қарудан бас тартудың маңыздылығын көрсетті. Бұл қадам арқылы өзінің үлкен үлесін қосты. Сол үшін алғысымызды білдіреміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер