Қазақстанның Кореядағы елшілігі осы күзде екі жақты бизнес форум өткізбек. Қазақстандық кәсіпкерлермен кездесуге кореялық мердігерлер де ниетті. Форумға ірі және шағын компаниялардың өкілдері қатысады. Сеулде Құрылысшылар күніне орай өткізілген шара аясында осындай келісім жасалды. Онда құрылысқа қатысты кореялық технологиялар таныстырылған. Олардың арасында қуат көзін үнемдейтін терезелер, "жасыл" үйлер, көлік және теміржол құрылысына қажетті жаңашылдықтар бар. Кореялық компаниялардың тәжірибесін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда пайдалануға болады дейді елшіліктің инвестициялар жөніндегі кеңесшісі. Ол бизнесмендермен кездесуде Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдай туралы әңгімеледі.

 

Олжас Раев, Оңтүстік Кореядағы ҚР елшілігінің Инвестициялар жөніндегі арнайы кеңесшісі:

Бізді көпір құрылысының технологиялары, бетонның, асфальттың жаңа түрлерін пайдалану және жалпы құрылыстың тиімділігін арттырып, шығындарды қысқартатын технологиялар айрықша қызықтырды. Кореядағы құрылыс саласы әріптестік орнатуда зор әлеуеттік орны бар екенін көрсетті.

 

Тай Сик Ли, Кореяның Құрылыс және технологиялар институтының президенті:

Қазақстан - Корея үшін өте маңызды ел. Себебі сіздерде газ ғана емес, мұнай және басқа да көптеген табиғи қазба байлықтар жетерлік. Сондықтан құрылыс қана емес, инжиниринг компаниялары да әріптестік орнатуға мүдделі болып отыр.

 

 

 

Сурет: kor.theasian.asia

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер