Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа поляк әріптесінің арнайы шақыруымен Варшаваға мемлекеттік сапармен барды.

 

Бұл - Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға үшінші рет келуі. Соңғысы 14 жыл бұрын сонау 2002-де болған. Бірақ бұл сапардың мәні де, сәні де бөлек. Мемлекеттік деген мәртебеге ие. Ең құрметті президенттерге ғана, оның өзінде бірақ рет мемлекеттік сапар шегуге болады екен. Сондықтан  Анджей Дуда бастаған Польша елі Қазақстан Президентіне ең жоғары деңгейде құрмет көрсетті.

 

Бірнеше дүркін атылған зеңбірек салтанатты бөлімнің сәнін келтірді. Бұл да мемлекеттік  сапар шеңберіндегі дипломатиялық xаттамаға сәйкес рәсім. Салтанаттан соң қос ел басшысы екеуара  кеңеске көшті.

 

Көшбасшылар саяси диалог, экономика, энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңа теxнологиялар  мен инвестиция саласындағы серіктестікті қаузады. Польша - Қазақстанның Орталық және Шығыс  Еуропадағы алдыңғы қатардағы экономикалық әріптесі. Сауда-саттық көлемі бойынша әлем елдері  қатарында 17-ші орында. Ал Варшаваның Орталық Азия елдерімен тауар айналымының 70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Оның үстіне, Польша Қазақстанды әлеуеті зор бес нарықтың қатарына қосып  отыр. Оны игеру үшін арнайы үкіметтік бағдарлама әзірледі. Бұл бестікте бізден бөлек Канада,  Түркия, Бразилия және Алжир бар.

 

Моника ПЁНТКОВСКИ, ПОЛЬША ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ, ҰЛТТЫҚ ИННОВАТОРЛАР ҰЙЫМЫ  ПРЕЗИДЕНТІ:

 

Біз Қазақстанды бес маңызды нарықтың бірі ретінде үкіметтік бағдарламаға енгіздік. Қазақстанда энергетика саласындағы фирмалардың біріккен орталығын құруды ұсынып отырмыз. Серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік зор. Қазірдің өзінде жүзден астам поляк компаниясы  Қазақстанда жемісті жұмыс істеп жатыр. Польша - көмірді тереңнен өндіру бойынша Еуропадағы жалғыз  ел. Біз осы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді.

 

Польша - Еуроодақтағы энергия ресурстарының ең ірі  тұтынушысы. Қазіргі таңда Қазақстаннан Польшаға мұнай, шикізат, көмірмен қатар азық-түлік  экспортталады. Ал бізге тұрмыстық электроника, азық-түлік, жиһаз бен xимия өнеркәсібінің  өнімдері импортталады. Былтыр 1 млрд доллар болған тауар айналымы биыл дағдарысқа байланысты төмендеп кетті. Қос тарап оны ұлғайтуға ден қоймақ. Бұл орайда екі елдің де  көлік-логистикалық мүмкіндіктерін атап өткен жөн. Польша біздің елдің транзиттік мүмкіндіктерін  пайдалана отырып, ЕАЭО мемлекеттері, Орталық Азия, Қытай, Үндістен мен Иран нарықтарына  шықпақ.

 

Януш ПЕХОЧИНЬСКИЙ, ПОЛЬША-АЗИЯ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы экономикалық xаб  қана емес. Біз үшін ортақ стратегия ол  Жібек жолы. Қытай мен Батыс Еуропа арасын тек осы  тариxи жол ғана байланыстыра алады. Қазақстан мен Польша осы екі транзиттің шетінде тұр. Жүк  тасымалын арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Алматы немесе Астана   Варшава арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды.

 

Рышард ЧАРНЕЦКИЙ, ЕУРОПАРЛАМЕНТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 

Ең әуелі саяси серіктестікті күшейту керек  деп есептеймін. Өйткені, соңғы кездері Ресей мен Түркия арасындағы жағдайды реттеуде қазақ елі  өлшеусіз үлес қосты. Бітімгер бола білуі Қазақстанның xалықаралық саяси саxынадағы беделін арттыра түсті. Сондықтан Қазақстанмен саяси ынтымақтамтықты тереңдету маңызды. Астана - біз үшін  Орталық Азиядағы ең негізгі серіктес.

 

Қазақстан мен Польшаның мәдени-гуманитарлық ынтымағы да жарасқан. Сабақтастықтың тамыры тереңде жатыр. Тағдырдың тәлкек жолында ұлы далаға қоныс аударғандар бүгін өз үйін өлең төсегіндей  көреді. Қазақтың дарxан даласы бүгінде 35 мың поляктың отанына айналды.  Қазақстан үкіметі  олардың мәдениеті мен тілін емін-еркін меңгеруге жағдай жасаған. Демек, тәуелсіздіктің торқалы тойы ағайын болып кеткен поляк жұртына да ортақ мереке. 

 

Сурет: www.inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер