Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 4,4 жылға ұлғайып, 2015 жылдың нәтижесі бойынша 72 жасты құрады (1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 болатын), деп жазады Казинформ.

 

Мұндай көрсеткішке ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» және Денсаулық сақтау саласын реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілді.

 

Халықтың туу көрсеткіші 8,2%-ға өсті, ол 2015 жылдың нәтижесі бойынша 1000 тұрғынға шаққанда 22,72-ні құрады (1991 жылы - 21).

 

Ана мен сәби өлімі сәйкесінше 5,4 және 3 есеге төмендеді (1991 жылы ана өлімі - 100 мың тірі туғанға шаққанда 67,2-ден 2015 жылы 12,5-ге дейін, сәби өлімі - 1991 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 27,4-тен 2015 жылы 9,39-ға дейін).

 

Тәуелсіздік жылдарында жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6%-ға төмендеді (1000 тұрғынға шаққанда 1991 жылы 8-ден 2015 жылы 7,52-ге дейін). Бұл көрсеткіш негізгі себептерден туындайтын өлім-жітімді азайту арқылы жүзеге асты: қан айналымы жүйесінен болатын өлім 1,9 есеге (1991 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 361-ден 2015 жылы 193,8-ге дейін), қатерлі ісік ауруларынан 33%-ға (1991 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 137,4-тен 2015 жылы 92-ге дейін), қайғылы оқиғалар салдарынан, жарақаттану мен уланудан 23,1%-ға (1991 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 107,3-тен 2015 жылы 82,5-ке дейін) төмендеді.

 

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылға дейін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту - «Денсаулық» бағдарламасының мақсатты индикаторы болып табылады.

 

Сурет: Казинформ

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер