Жер кодексіне жарияланған мараторий 5 жылға ұзартылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен кездесу барысында осылай деп мәлімдеді. Президент Жер комиссиясы барысында айтылған барлық ұсыныс-пікірлерді ескеруді тапсырды. Мәселен, жерді жалға беру  уақытын бекіту, оны қалай пайдалану және тиімсіз пайдаланған кезде қолға алынатын шаралар тізімін жасау керектігін жеткізді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық секторға шетел  тәжірибесін енгізіп, инвестиция тарту қажеттілігін қадап айтты.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мамыр айында жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған кейбір баптарына мораторий жариялау жөнінде мен қаулы қабылдағанмын. Өздеріңіз білесіздер. Содан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Барлық өңірлерде болып қайттыңдар. Халықтың пікірін естідіңіздер. Егер де осы шаруаны кодексті қабылдамағаннан бұрын, алдын-ала өткізген кезде ешқандай әңгіме болмайтын еді. Жер мәселесі - Қазақстан үшін біздің ел үшін әрине өте бір өткір мәселе. Осыған байланысты жерді бәріміз жабылып, әрбір қазақ қазақстандық солай қорғайтын болса, жерін солай сүйетін болса,  отанымыздың болашағы зор деп айтуға болады. Біз айтып отырмыз 49 жылға бергеннің өзін анау-мынау деп, мен қазір Польшаға барайын деп отырмын. Ондағы барлық жері жеке меншікке беріп отыр. Еуропаның ең дамыған ауыл шаруашылығының бірі.Сондықтан мынандай жағдайда көп мәселелерді халық айтты, мысалы, жерді несиеге алған адам, ауыл шаруашылық өнімдерін өнгізу керек, өнгізбейтін болса, ол жерді біз қайтып алуымыз керек. оны жақсы жұмыс істейтін адамдарға беруіміз керек. Екіншісі бір адамның бір компанияның қолына қанша жер беру керек. Мұның бәрі - өте дұрыс көтерілген мәселелер. Сондықтан осының барлығын аспай-саспай ыңғайлайық. Түбінде 5 жыл бола ма, 10 жыл бола ма, бәрібір осыған келеміз.

 

Жер комиссиясының жұмысына төрағалық еткен Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жер мәселесі туралы ұсыныс-пікірлері бар азаматтар үшін арнайы хабарласу орталықтары ашылды. Оған 13 мыңнан астам хабарлама түскен. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаруасына әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер тартылды. Өткізілген жиындарға жалпы саны 67 мың қазақстандық қатысты, - деді Премьер-министрдің орынбасары- ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

 

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылық министрі:

Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге байланысты бірқатар нақты шешімдерді қабылдап отыр. Бірінші шешім – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын сақтау, сақтау отырып, оны дамыту. Яғни, сол жерді пайдаланған кезде, сол жерді пайдаланушының жауапкершілігін арттыру, конкурстарды өткізген кезде оның жариялалағын, ашықтығын қамтамасыз ету, ең бастысы жердің тиімділігін арттыру, құнарлылығын көтеру. Одан кейін, жалға берген кезде бір жер пайдаланушыға берілетін жердің көлемін шектеу. Бір қолға берілетін жердің көлемін шектеу. Өйткені қолданыстағы заңнамада ондай шектеу жоқ.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

Жерді жалға бергенде бүкіл халық, әсіресе, сол өңір білу керек кімге берілді ол, қаншаға сатылды, бұрын қанша еді, ертең қандай өнім дереді. Сонан кейін 9 жылға несие деген аз емес қой, егер 49 жыл жақсы қолданатын болса, оны тағы да ұзартамыз деген сөз болу керек. Жалпы жеке меншік үй құрылысын үкімет қолдау керек. Халық үшін бұл жақсы нәрсе, тұрақтанады, өзінің үйі болады,  ертең бала-шағасы өседі соның ішінде, 10 сотық жер деген аз емес, сол төңірегіндегі көкөнісімен өмір сүрсе болады. сондықтан бұл мәселелерді асықпай, рет-ретімен, халықтың ойына сіңетін, мемлекетке пайдалы етіп шешу керек. 

 

Сондай-ақ, жиын барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен алдағы уақыттағы жоспарлар талқыланды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаржылық дағдарыс біткен жоқ әлі. Бүкіл дүние жүзі экономикасының дамуы әрбір фрагментке бөлініп жатыр. Америка Трансатлантика-Тынық мұхиты деп бөлініп жатыр, Еуропа былай бөлініп жатыр, біз Жібек жолының төңірегінде жиналып жатырмыз. Сонда Қазақстанның орны қалай, болашақта не істеуіміз керек. Дағдарыс әлі өткен жоқ. Мұнайдың, темірдің, көмірдің бағасы ұлғая ма деп отырамыз ба. Біз шара қабылдауымыз керек. соны үкімет сараптамаларды жинап, ұсыныс енгізу керек те, халыққа жариялауы керек не істеуміз керектігін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер