Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері жерді жалға беруге мораторийді 5 жылға созуды бірауыздан қолдады. Комиссия отырысының соңында күн тәртібіндегі мәселе дауысқа салынды. Қалыс қалған ешкім болмады. Осылайша, комиссия ұсынысы елбасыға жолданады. Президент оң шешім қабылдаған жағдайда, топ  жұмысын тоқтату ұсынылды. Сонымен қатар, Асқар Мырзахметов жер заңнамасын жетілдіруге қызығушылық танытқандарға ауыл шаруашылығы министрлігінің есігі ашық екенін мәлімдеді.

 

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі:

Мораторийға байланысты тиісті жарлық шығып, созылып жататын болса, онда біздің жоспарымыз бойынша сол жарлық шыққаннан кейін, яғни мемлекет басшысының деңгейінде шешім қабылданғаннан кейін арнайы брифинг өткізуді біз көздеп отырмыз. Осы 3 айдың ішінде комиссия өзіне жүктелген міндетті бүгінге дейін жұмысты айтуға тұрарлықтай белгілі дәрежеде атқарылды. Ең бастысы маңызды шешімдерді қабылдадық деп айта аламыз.

 

Комиссия соңғы 3 айда Астанада - 4, өңірлерде де 4 жиын өткізді. Колл-орталыққа 12 мыңнан астам қоңырау шалынып, жер туралы сайтқа 984 өтініш пен ұсыныс түскен.

 

Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті:

Біздің комиссияның жұмысы жемісті болды деп есептеймін. 3 айдың ішінде тиісті шешімді жасап отырмыз. Менің ойымша, бұндай шешім қабылданса, онда халықтың көңілінен шығады. Себебі, 5 жыл жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді. Халықтың қалауы да сол болды. Ал осы бес жылда біз халыққа керек барлық шешімдерді жүзеге асыруымыз керек. Меніңше, бұл тұрғыда халыққа рахмет айтуымыз керек, себебі халық отан сүюді көрсетті. Президентімізге алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені, халықтың ұстанымын, пікірін естіп, түсініп, мораторий жариялады, сосын комиссия құрды.

 

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Тәуелсіз түрде жұмыс атқаруға мүмкіндік берген, баршаның басын қосқан мемлекет басшысына үлкен алғысымды білдіргім келіп отыр. Комиссияға кірген күннен бастап, үлкен үлкен ауқымды жұмыстардың соған куә болып, өзім де аяғына дейін атсалысқанмын.  5 жылға дейін мараторийді созу өз ойымыздан шығып отыр.

 

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Бұл елімізің демократиялану жолындағы соны үрдіс болды. Комиссияның бірнеше ай аясына жүргізген ауқымды, нәтижелі болғанына куәсіздер. Сындарлы сұхбат болды. Әрбір комиссия мүшесі нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер