Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестік тереңдей түспек. Жақында отандық кәсіпкерлер аспан асты еліне 5 млн. доллардың төл өнімін экспорттамақ. Бұл - көрші мемлекеттің Суар провинциясында қос ел тауар өндірушілерінің басын қосқан сауда миссиясының жемісі. Іскерлік жиын барысында тараптар азық-түлік, химия және құрылыс салалары бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Әріптестер негізінен тамақ өнеркәсібіндегі байланысты нығайта түсуге уағдаласқан.

 

Надежда БОЛКОВИЧ, ҰН КОМБИНАТЫНЫҢ КОМЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ, ҚР ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ:

 

Біздің кәсіпорын тәулігіне 950 тонна бидай өңдеп, 710 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Бұл әлі де толық қуат емес.  Бүгінде өніміміздің 25 пайызы ішкі нарықта қалса, өзгесі сырт елдерге жөнелтіледі. Қазір шамамен айына 300 жүк вагоны экспортқа жіберіледі. Негізінен біздің ұнды ТМД елдері тұтынады. Ендігі мақсат - Қытай нарығына шығу. Онда ай сайын 100 вагон тасымалдауды көздеп отырмыз. Бірнеше қытайлық компания бізбен шартқа тұруға ниет танытып отыр.  

 

Гуо ЮАН СЯН, ҚХР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА КОМИТЕТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 

Бұл - Қазақстандық кәсіпорындардың өкілдерімен ұйымдастырылған 6-шы форум. Сіздердің өнімдеріңізге қызығушылық танытатын қытайлық бизнесмендер қатары артып келеді. Бірінші кезекте, сапаға назар аударамыз. Әсіресе, Қазақстанның экологиялық тұрғыда таза азық-түлігіне деген сұраныс жоғары. Бұл орайда ұн өндіруші кәсіпорындарына басымдық беріледі. Кейін органикалық жеміс-жидек, көкеністер алуға құлшыныс танытушылар көп.

 

Кездесуде таныстырылған қазақстандық құрылыс материалдары да қытайлықтардың көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Ішкі нарықтағы үлесі 65 пайызды құрап отырған жергілікті құрылыс компаниясы аспан асты елінің сұранысын қанағаттандыруға әзір.

 

Алмазбек ТАШТАНӘЛИЕВ, ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ЭКСПОРТ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ, ҚР АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ:

 

Тек Үрімші қаласы ғана айына 1,5 мың тонна құрғақ құрылыс материалдарын жұмсайды. Бұл Алматы қаласының сұранысынан 5 есе көп. Біз бастапқыда 100 тонна өнімімізді Қытайдың осы қаласына жеткізе аламыз. Кейін, тапсырыстар болып жатса, өзге өңірлеріне де шығуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 5 компания өнміді пайдалануға дәмелі.    

 

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас өңірлері елдің шалғайда жатқан өзге аймақтарынан арбалағанша, жақынырақ орналасқан біздің мемлекеттен дорбалаған әлдеқайда тиімдірек деген ойда. Бұл алдымен уақыт пен жол машақатын шешеді. Есесіне сапалы өнім құнының төмендеуіне әсер етеді. Сондықтан, осы жолы отандық 16 өндіріс ошағының ұсынған тауарларымен танысуға Қытайдың 130-дан астам компаниясы ниет танытқан. 

 

Сурет: www.noi.md

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер