Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  ауыр атлетикадан қоржынымызға алғашқы  алтынды салған Нижат Рахимовқа  құттықтау жеделхатын жолдады.  "Барша Қазақстандық сенің өнеріңді зор қызығушылықпен және үлкен үмітпен тамашалады. Және сен олардың үмітін толық ақтадың. Жоғары спорттық шеберлігің, жанкештілігің мен асқан ерік-жігерің саған қиын күресте мықты қарсыластарды жеңіп шығып, Қазақстанның олимпиадалық командасына алғашқы алтын медальді алуға көмектесті. Сенің жеңісің елдің жас спортшылары үшін лайықты үлгі болары анық», – делінген жеделхатта.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, брасс әдісімен суға жүзуде олимпиада чемпионы атанған  Дмитрий Баландинді де құттықтап, жеделхат жолдады. Онда "Сенің жарқын жеңісің қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Бұл - жоғары шеберлігіңнің, мақсатқа талпынуыңның, ерік күшің мен қайрат-жігеріңнің көрсеткіші. Сенің теңдессіз табысың Қазақстан спортының шежіресінде мәңгілік қалады», – деп жазылған. Қазақстан Президенті спортшыға келешекте жаңа белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер