"Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген қаражатты игеруге енді тікелей әкімдер мен олардың бірінші орынбасарлары жауапты болады. Үкімет басшысының айтуынша, ауқымды мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыстардың  толыққанды жүзеге асуын Ұлттық экономика министрлігі назарға алуы тиіс. Ал «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингіне келісім-шарт жасалған қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалап, жоспарланған баспананы қолданысқа беру жүктелді.  Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  бағдарламаны жүзеге асыруға биыл Ұлттық Қордан 770 млрд теңге бөлінген болатын.

 

Кәрім МӘСІМОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 

Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген қаражатты игеруді қадағалау үшін апта сайын мониторинг жүргізіп отыру керек. Сондай-ақ, атқарылған жұмыс бойынша ай сайын Ұлттық экономика министрлігін ақпараттандыру қажет. Мен бұл бағдарламаның орындалуын айына бір рет үкімет отырысында қараймын, ал Бақытжан Сағынтаев әр екі апта сайын қадағалап отыруы тиіс.

 

Бұдан бөлек, Үкімет отырысында 100 нақты қадамды жүзеге асыру мәселесі пысықталды. Күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі - инвестиция. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, шетелдік инвестиция тартуға Қазақстанда бірыңғай экспорттық саясат қажет. Елге келген инвестор әуелі өндіретін тауардың экспорты жайлы ойланады. Сол үшін бізге нарықтар туралы сараптама ауадай қажет. Ведомства басшысы экспорттық және импорттық саясаттың қажетін алға тартты.

 

Сурет: kazakhstanun.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер