31-ші жазғы олимпиада ойындарының астанасы Рио-де-Жанейрода қазақтың көк байрағы желбіреді. Кешенді сынның басталуына екі күн қалғанда олимпиадалық қалашықта ресми түрде Қазақстанның мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Алты құрлықты өзіне қаратқан Бразилияда қазір қызу дайындық жұмыстары жүруде. Алдымен, дәстүрге сай, жарысқа қатысушы мемлекеттердің тулары желбіреп, олимпиадалық қалашықта әнұран шырқалды. Қазақстаннан бөлек, Испания мен Түркияның, Сейшель аралдары мен Чад мемлекетінің тулары да ілінді. Ұйымдастырушылар шағын іс шараны мәдени концертке ұластырып, Бразилияның тарихынан сыр шертетін билерімен бес елдің спортшыларына өз өнерлерін паш етті. Қазақстандық делегация атынан мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков олимпиадалық қалашық басшысына естелік сый тарту етті. Айта кетейік, 5 тамызда 31 жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты, ал 21 тамызда Олимпиаданың жабылу рәсімі болады. 

 

Сәкен МҰСАЙБЕКОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ойындарға лицензия ұтып алған 104 спортшының барлығы қазірдің өзінде қаһарман. Себебі олар - өз елінде құрмет пен сүйінпеншілікке бөленгендер. Медаль бойынша алдын ала болжам жасағым келмейді, бірақ біз күтетін боламыз. Бүгін бес елдің арасында біздің мемлекеттік туымыз бірінші болып көтерілгенін көрдіңіздер. Қазақстан бірінші болды. Аяғына дейін осылай болады деп сенемін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер