Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Кездесу барысында министр Елбасына мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және энергетика  салаларындағы дамудың негізгі көрсеткіштері туралы және алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ мұнай өңдеу және энергетика өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, оның ішінде жыл соңына дейін Қашаған кен орнын қолданысқа енгізу жоспары,  Теңіздің өндірістік қуаттылығын кеңейту және Қарашығанақ кен орнындағы сұйық көмірсутегі өндірісін арттыру талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев жоғарғы деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету және экономикадағы  энергия тасымалдауға артып отырған қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында отын-энергетика  кешенін одан әрі дамыту керектігіне назар аударды. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы елдің  ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру үшін шаралар қабылдау және төмен көміртекті даму мен  «жасыл экономикаға» өтуін қамтамасыз ету жөнінде жағдайлар туғызудың маңыздылығын атап өтті. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биыл мұнай өндіру көлемінің аздап азаюы әлемдегі негізгі энергетикалық  ресурстарға бағаның құлдырауымен байланысты болып отырғанын айтты.

 

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 38,8 млн тонна мұнай өндірілді. Ол өткен жылғы осы  кезеңнің өндіру көлемімен салыстырғанда 97% құрайды. Биыл жыл соңына дейін өндіру көлемін 75 млн  тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 6,9 млн тонна мұнай өңделді, ол былтырғы  жылдың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 5% артық. Өткен 6 айда газ өндіру жұмыстары 100 пайыз жүзеге асты. Ішкі сұраныс жартыжылдықта 6,4 млрдты құрады. Оны толығымен өндірдік. Биылғы жылы жалпы ішкі газ тұтыну көлемі 12,3 млрд болады деп жоспарланып отыр. Дегенмен біз жыл соңына дейін 44 млрд газ өндіруді көздеп отырмыз. Ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз еткенен кейін қалған газды экспортқа шығарамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер