Ақмола облысының Степногорск қаласындағы бос қалған үйлер қалпына келтірілуде. Көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеуге өңірлерді дамыту, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламалары сеп болып отыр. Бастысы – жергілікті жұртшылық баспанамен қамтылуда.  

 

Елік ТАСБОЛАТОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұл үй 48 пәтерлі болады. Оның алтауы – бір бөлмелі, 36-сы – екі бөлмелі және тағы алтауы – 3 бөлмелі болады. Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін 18 пәтер алдымен жетімдерге беріледі. Ал, қалған 30 пәтер кезекте тұрған степногорлықтарға үлестіріледі. Қазір жұмыс қарқынды. Бұйыртса, жыл соңына қарай бұл үйді пайдалануға береміз.

 

Ал, степногорлық Надежда Буланованың отбасы қалпына келтірілген баспаналардың біріне алғаш болып кіргендердің бірі. Бұл үйді жөндеуге республикалық бюджеттен 90 млн. теңге жұмсалыпты. Қазір мұнда 143 отбасы тұрып жатыр. Көпшілігі - жастар.

 

Надежда БУЛАНОВА, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл үй 10 жылдай бос тұрды. Қабырғасы қаңырап, ұсқыны кетіп тұрған болатын. Біз де сол себепті басқа жерден пәтер жалдап күнелтуге мәжбүр болдық. Міне, былтырдан бері өз баспанамыздамыз. Екі балам бар. Екіншісі осы пәтерде дүниеге келді.

 

Динара ЖҰМАНОВА, КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз енді қалған үйлерді қалпына келтіруді жалғастыра береміз. Қазірдің өзінде екі үйдің сметалық құжаттары Ұлттық экономика Министрлігіне жолданды. Қаржы бөлінсе, оларды да жөндеуге кірісеміз. Одан бөлек, лифттерді де жөндеп жатырмыз.

 

Осылайша алдағы 2-3 жылдың ішінде Степногорсктегі қараусыз қалған үйлер толық қалпына келтіріледі, - дейді сала мамандары. Олай болған жағдайда, шаһардағы 270 үйдің қатары толығып, шағын қала одан әрі ажарлана түспек. Ал, 800-ге жуық отбасы пәтермен қамтылады.

 

 

 

Сурет: kapital.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер