Биыл Павлодар Облыстық «Мектепке жол» шарасының ұйымдастырушылары өздерінің былтырғы рекордын жаңартпақ ниетте. Өткен жылы олар жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер күшімен  800 баланы мектепке қажет киім-кешек, және керек-жарақпен қамтамасыз еткен болатын. Биыл игі шараның алғашқы күнінің өзінде 40-қа жуық оқушы мектепке қажет нәрсенің барлығына ие болды.

 

Светлана ЧУЧКАЛО, ШАРБАҚТЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғысым шексіз. Өзім 4 баланың анасымын. Қазір бір баланы киімдірудің өзі оңай емес, ал төртеуін тіпті қиын. Бәріңізге көп рахмет.

 

Жыл сайынғы «Мектепке жол» шарасына Шарбақтылық кәсіпкерлер белсене қатысады. Бірі - кеңсе тауарларын алып берсе, екіншісі - киім-кешекпен қамтамасыз етеді.

 

Нұргүл ПАЗЫЛОВА, КӘСІПКЕР:

Біз қандай көмек көрсетсек екен деп көп ойландық, ақыр аяғында спорт және мектеп формаларын алып беруді жөн санадық. Сөйтіп, 36 балаға киім-кешек алдық. Балаларға көмектесе алғанымызға өзіміз де қуаныштымыз. Ал балалар тіпті мәз болып қалды.

 

Заттай көмекпен қатар, қаржылай да қолдау көрсетілмек. Қайырымдылық жәшігіне түскен қаржы көмекке аса мұқтаж отбасыларына беріледі. 

 

Ризагүл  НЕҒМАНОВА,  ШАРБАҚТЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Күні бүгінге дейін ауданның барлық мектептері бойынша 485 баладан өтініш түскен.  Биыл бұл қайырымдылық шарасына аудан жұртшылығы белсенді қатысады деп ойлаймын. Басты мақсат - балаларды қуанту.

 

Шара енді ғана басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ізгілік шарасына қатысушылардың қарасы қалың. Әркім өз шама-шарқына қарай қолдауға зәру балаларға қол ұшын созуға асығуда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер