Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 145 жыл. 54 елде күресіп, 48 медаль олжалап, қазақтың мықтылығын әлемге паш еткен бірегей тұлғаның құрметіне Астана іргесіндегі балуанның туған ауылында мерекелік-спорттық шара өтті. Осы жерде 100-ге тарта балуан шеберлк байқасты.

 

Айбат СЕЙТЕН, БАЛУАН:

Бала кезімізден осы Қажымұқан бабамызды оқып, біліп, осындай деңгейге жетсек екен, бізде осындай қазақтың даңқты балуаны болсақ екен деп. Мен ойлаймын, өз басым, әрбір қазақ баласының арманы солай деп ойлаймын. Қазақтың елін асқақтатып, даңқын көтеру, Қажымұқан бабамыз сияқты қазақты бүкіл әлемге таныту.

 

Қажымұқан сомдалған тамаша сахналық қойылым дүйім жұртты елең еткізді. Мұнда балуанның нық бабындағы кезі сипатталады. Сондай-ақ, цирктегі өнерінен де үзінді көрсетілді. Балалары бабаларындай балуан болсын деген ниетпен жұртшылық перзенттерін ертіп келген.

 

Медет МАКУОВ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ұлымды алып келдім ырымдап, «Қажымұқан бабамыз сияқты балуан болсын, үлкен бір жерден көрінсін» деген ниетпен.

 

Ұлты өзге болса да өзін қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушымын деп санайтын рекодсмен Сергей Цырульников көпшілікті өз өнерімен тәнті етті. Әрі шеге майыстыруда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Бұл жеңісін ол қазақ балуандарына арнады.

 

Сергей ЦЫРУЛЬНИКОВ, РЕКОРДШЫ:

Қажымұқан Мұңайтпасұлы тек балуан болған жоқ. Ол сондай-ақ, тамаша қойылым көрсете білді. Өкінішке қарай бұл дәстүр Қазақстанда бүгінде жойылып барады. Мен оны қайта жандандыруды өзімнің азаматтық парызым деп білемін.

 

Қажымұқан Мұңайтпасұлы жан-жақты тұлға болғаны мәлім. Қажылыққа барғаны да жалпақ жұртқа аян. Сондықтан, ауыл жамағаты Қажымұқан атындағы мешіт құрылысын бастап кеткен.

 

Шерхан ДӨЙТЕНҰЛЫ, ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНЫҢ ИМАМЫ:

Осыдан бұрын Қажымұқан атамыздың естелігін қойған едік. Енді Аллаға шүкір біз Қажымұқан ауылында бір ай болды Қажымұқан атаның атында мешіт салып жатырмыз. Аллаға шүкір іргетасы қаланып, дін исламға деген, Қажымұқан атамызға деген жүрегі бар азаматтар көмегін беріп, көмектесіп жатыр.

 

Даңқты балуанның 145 жылдығына арналған шараның бағдарламасы өте ауқымды. Ең бастысы олардың бәрі мерекенің ажарын ашып, көркін келтіретіндей мазмұнды әрі тағылымды.

 

 

 

Сурет: bnews.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер