Ұлы далаға саяхат! Елордада танымал британ жазушысы Ник Филдингтің  отандастары Томас және Люси Аткинсондардың 1847-1853 жылдары аралығында қазақ жеріне жасаған сапарлары арқау болған кітаптың тұсаукесері өтті. Шетелдік саяхатшылар 7 жыл бойы кең байтақ даланы ат үстінде жүріп өтіп, жергілікті халықтың тұрмыстық салты мен мәдениетін  жан-жақты  зерттеген.  Бір қызығы, ерлі-зайыптылар Алатау етегіне ат басын бұрғанда ұлды болып, тұңғыштарына сол маңдағы Алатау Тамшыбұлақ  атауын есім қылып берген.  Араға бір жарым ғасыр салып Аткинсондардың ұрпағы арғы аталары аралаған тарихи мекендермен танысып, бағыттарын қайталамақ ниетте. Естелік жазбалар негізінде құрылған танымдық еңбек әзірге тек ағылшын тілінде жарық көріпті. Автор қазақстандық тараптың көмегімен орыс және қазақ тілдерінде басып шығаруға құлшыныс танытып отыр. 

 

Ник Филдинг, ЖАЗУШЫ:

Осы кітап арқылы үлкен саяхаттың  барысын қалың жұртшылыққа жеткізуді көздейміз. Аткинсондардың естеліктерінде  қазақи қонақжайлық пен шежірелі тарихы жайындағы жазбалар жиі кездеседі. Жергілікті табиғаттың әсемдігін аса қызығушылықпен әсерлі баяндайды. Еңбекте сол уақыттағы қазақтардың болмысын сырт көзқараспен ашуға тырытым. Кітапта дәйекті деректер келтірілген, сондықтан тарихшылар үшін өте қызықты болатынына сенімдімін.

 

Пол ДАЛКВИСТ, ТОМАС АТКИНСОННЫҢ ШӨБЕРЕСІ:

Менің атам танымал суретші әрі сәулетші болған. Ол қазақ даласының әсемдігін өз еңбектерінде кеңінен сипатауға тырысты. Өкінішке орай, көп жұмыстары қолымызда жоқ. Бүгінге дейін жеткендері халықаралық мұражайларда жайғасқан. Сол туындылардағы көріністерді өз көзімізбен тамашалап, арғы аталарымызға құрмет көрсету үшін үрім-бұтағы Қазақстанға арнайы келіп отыр.  

 

Сурет: timer-odessa.net

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер