Қазақстандықтар Астана күнін атап өтуде. 1998 жылы Ақмола шаһары елордасы атанды. Президенттің бұл батыл бастамасын бәрі бірден құп көрмесе де, кейін осы қадамның дұрыс екеніне дүйім жұрттың көзі әбден жетті. Бүгінде Астана мемлекет дамуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Әрі әсем шаһар қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Сарапшылар Астананы халықаралық деңгейде бірегей диалог алаңы әрі Еуразияның жүрегі деседі. Күні кеше қала тұрғындарының саны миллионға жетті. Мемлекет басшысы айтқандай, жас та болса бас қаланың бой көтеруінде миллиондаған қазақстандықтың еңбегі бар. Сондықтан елорда күні мемлекеттік мереке ретінде тойланып келеді.

 

Қала күніне орай мерекелік шаралар

 

Елорда 18 жылдық мерекесін думандата тойлап жатыр. Осымен бірнеше күн қатарынан Астана мен еліміздің барлық аймақтарында түрлі мәдени-танымдық, спорттық шаралар өтуде. Қала тұрғындары мен қонақтары және Астана күніне арнайы келген туристер «Astana Art fest», «Тәуелсіздік жыры – Астана» «Көшпелілер өркениеті», «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана», «Қымызмұрындық» және тағы басқа фестивальдерді тамашалады. Еңселі Елордамыздың мәртебесін айшықтайтын бұл шаралардың көбі бүгін өз мәресіне жетеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған сөз сайыста ақындардың дүлдүлі анықталады. Кешкісін Түркі халықтарының музыкасы Астана аспанын әуезді күйге бөлейді. Қазақ эстрадасының белгілі жұлдыздары да Астана күніне ән-жырдан шашу шашады.  

 

Сурет: qazaqadebieti.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер