Ауылшаруашылығын дамытудың инновациялық орталығы ашылды

Ауылшаруашылығын дамытудың инновациялық орталығы ашылды

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Тұрақты егін шаруашылығы орталығы ашылды. ТМД-ның аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесіне қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова осы орталықтың жұмысымен танысты. Бұл - университет жанынан құрылған Агротехникалық Хабтың пилоттық жобасы. Дрондармен ауылшаруашылық алқаптарға әуеден бақылау жасалады. Тексеру нәтижесінде жердің зақымдалған аумақтары анықталып, зиянкестердің жайылып кетпеуінің алдын алады. Бұл шаруалардың шығындарын азайтып, егіннің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін Оңтүстік және Солтүстік облыстардың егін алқаптарына әуеден бақылау жасалған. Құрылғы бір сағатта 400 гектардан аса алқапты ұшып өтіп, жердің жағдайын бағалайды. Мемлекеттік хатшы ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған инновациялық жобаларға оң баға берді.

 

Диана ДОШНИЯЗОВА, ОРТАЛЫҚТЫҢ МАМАНЫ:

 

Біз мамыр айында мал азығы дақылдары егілген алқапта болдық. Зерттеу барысында ұрық шаша бастаған зиянкестерді таптық. Оның көзін жоюға химиялық қоспа гербицид те көмектесе алмайды. Осы алқапты 2-3 күн бұрын тексергенімізде, зиянкестің ордасын жойып, фермердің өнімін сақтаған болар едік.

 

Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ:

 

Бүгінгі таңда дүние жүзіне жетекші аграрлық елдердің бірі ретінде  Қазақстанның  алдында ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, экспортқа бадарланған әлемдік нарықта  бәсекеге қабілетті өнім өндірісін ұлғайту туралы үлкен міндеттер тұр.  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан-2050»  стартегиясы, «Агробизнес 2020» бағдарламасы  және ұлт жоспарында айқындалған міндеттерді орындау білім, ғылым және өндірістің тығыз жұмыс істеуін атап өткен болатын. Бүгін соның бір көрінісін көріп отырмыз.

 

Сурет: art1.ru