Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ата дәстүрді сақтаған Маңғыстау өңірінде ұлттық киім сәнге айналған. Ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер күнделікті өмірде де, той-жиындарда қазақы оюлармен зерделенген киімдерді киіп жүреді. Гүлстан Бейсенова «Өрнек» сән үйінен қазақы ою-өрнекпен көмкерілген қамзол сатып алуға келді

 

Гүлстан БЕЙСЕНОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көп адамдар қызыға қарайды. Себебі, қазақтың ою-өрнектері өте ерекше. Насихаттап көрсетіп, өзіміздің қазақтың қандай халық екенін, қандай әсем өрнектері бар екенін той-жиындарда көрсетіп, кигенді ұнатамын.

 

Өрнекпен өріліп, тастармен әрленген бұл көйлек - ұзатылар қыздың киімі. Көздің жауын алар туынды екі аптада тігіліпті. Үкісі үлбіреген Несібелі ұзату тойына ұлттық киім кимекші.

 

Несібелі ЕСЕНҒАЛИЕВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл - ұлттық нақышта бірақ заманауи үлгіде тігілген көйлек. Басымдағы бас киім бұрындары «шекелік» деп аталған. Оны қыздар көбіне қисайтып қойып киетін болған. Мен бірақ оған да аздап өзгеріс енгіздім. Бұдан бөлек, бірнеше ұлттық көйлекке тапсырыс бердім.

 

Он саусағынан өнері тамған Нұрияш Ниязова жеті жасынан ине мен жіпті жанына серік етіпті. Есесіне, қолөнері өмірлік азығына айналды. Осыдан 30 жыл бұрын Маңғыстауда тұңғыш рет ұлттық киім тігуді қолға алды. «Өрнек» сән үйінің негізін қалап, жүздеген қызды қолөнерге баулыды. Бүгінде бүкіл Маңғыстау жұртшылығы Нұрияш әженің шәкірттері тіккен ұлттық киімдерді киіп жүр.

 

Нұрияш НИЯЗОВА,  ҰЛТТЫҚ СӘН ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мысал үшін мына бешпент мен келін болып түскенде болған. Осындай зер бешпент пен ілмелі жаулық таққанмын. Сол Маңғыстаудың үлгісі ешқандай қартаймай, ескірмей, сол үлгімен әлі күнге дейін осыны алып келе жатырмыз. Қазір суретші, дизайнер көп. Қазір заманымызға қарай, оюды да өзгертіп жатырмыз. Бірақ, түбірін сақтауымыз керек. Түбірі сақталып келе жатқан мінекей осы киімдер. 

 

 

 

Сурет: www.kokozen.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер