Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр

Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр

Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр. Биыл негізінен мал азығы мен майлы дақылдардың егіс көлемі артады. Аймақтағы арық-атыз, су арналары аршылып, гидроқұрылғылар қалпына келтірілді. Дала жұмыстарына жегілетін 1 мың 800-дей техника сақадай сай және олардың қозғалысына қажет жанар-жағармай жеткізіліп жатыр. Өңірдің егістік алқаптарын суару үшін жылына 4 миллиард текше\метрге жуық су кетеді. Мамандар "бұл сұранысты Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегіші толығымен өтей алады" деп болжап отыр. Сондай-ақ тұқым жаңалау, өнімділікті арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жалпы қызылордалық еңбеккерлер биыл 162 мың 600 гектар жерге егін екпек. Оның шамамен жартысына жуығы аймақтың басты дақылы - күріштің үлесіне тиесілі.

 

Бақыт ЖАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Күріш тұқымын жаңалау мәселесін қолға алып жатырмыз. Облыстық бюджеттен оған 75 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 324 тонна Ресейден элита тұқымы сатып алынып, соны көбейтіп, келесі жылдарға жоғары репродукциялы тұқым жеткізу мәселесі қолға алынуда. Одан бөлек көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында қосымша бюджеттен 500 млн тг бөлінді. Бұл енді әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруашылықтармен бірге жұмыс жасайтын болады.

 

 

 

Сурет: turkystan.kz