Биыл Алматыда 10 ірі индустриялық жоба іске қосылады

Биыл Алматыда 10 ірі индустриялық жоба іске қосылады

Биыл Алматы қаласында 10 ірі индустриялық жоба іске қосылады. Инновациялық бастамаларды іске қосуға 38 млрд теңге жұмсалмақ. Астанада БАҚ өкілдерімен кездесуде қала әкімі Бауыржан Байбек осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде оңтүстік шаһарда индустриаландыру картасына енген 46 жоба жүзеге асып жатыр. Жаңа кәсіпорындар іске қосылғанда 10 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылады.

 

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұған қоса, Алатау ауданында Индустриялық парк құрылуда. Бұл экономикалық аумақта жалпы құны 311 млрд. теңге болатын 39 өндірістік нысанның құрылысы басталды. Жоспарға сай, 41 жоба кірістірілген еді. Кейбір инвесторлар бастамаларын уақытша тоқтатып қойды. Қазір бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.    

 

Сондай-ақ, әкім мегаполистің әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағытындағы шараларға да тоқталды. Мысалы, аз қамтылған топтар үшін нанды субсидиялауға 60 млн теңге қаржы бөлінген. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кәсіпорындармен меморандумдар жасалған. Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру қамында 1,5 мың бизнес субектісімен келісім-шартқа қол қойылған. Сондай-ақ, биыл баспанаға зәру 3 мың алматылық тұрғына жаңа пәтер кілті табысталады. Ал мемлекеттік балабақшаларда төлем сомасын төмендету шаралары қабылданған. Бұл мақсатта жергілікті қазынадан 3 млрд. теңге қарастырылыпты.

 

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Енді ата-аналар балабақша қызметі үшін орташа алғанда 15 мың теңге төлейді. Бұрынғы бағамен салыстырсақ  шамамен 20 мың теңге көлемінде үнемдеу болады. Жалпы саны 17 мың бала қамтылмақ. Менің ойымша, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тиісті демеу жасалады.

 

Бұған қоса, әкім үстіміздегі жыл соңына дейін шаһарда 2017-ші жылы өтетін Универсиаданың 3 бірдей нысаны тапсырылатынын хабарлады. Атап айтқанда, 5 мың адамға арналған атлеттер ауылы, 12 мың және 3 мың адамға шақталған мұз ареналарының құрылысы аяқталуға жақын.