Шетелдік инвесторлар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетіне қызығушылық танытуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайдың төрт компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Атап айтсақ, "Rifa Holding Group"  Шығыс Қазақстан облысында ет комбинатын салуға мүдделі. Кәсіпорын өнімінің 80 пайызы Қытайға экспортталмақ. Сондай-ақ, трансұлттық холдинг ірі қара мал еті өндірісі бойынша бірқатар жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Аспан асты елінің тағы бір жетекші корпорациясы бордақылау алаңдары мен бройлерлік бағыттағы құс фабрикаларының құрылысына қаржы құюға әзір. Бұл мақсатта көрші мемлекеттің "CITIC" өндірістік кешені отандық "Бәйтерек" холдингімен бір мүддеге ұюға бел буып отыр.  Ал "AIJIU" агроөндірістік тобы СҚО-да майлы және дәнді дақылдарды терең өңдеу ісін қолға алмақшы.  Жоба құны 58 млн долларды құрайды. Бағбандықты кәсіп еткен  "COFCO" компаниясы болса, қызанақ өсіріп, еліміздегі томат пастасының өндірісін 120 мың тоннаға ұлғайтуды көздейді. Жалпы, қазіргі таңда 19 қытайлық корпорация Қазақстанда кәсібінен нәсіп табуға белсенді түрде құлшыныс таныттып отыр. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 1 млрд 735 млн долларды құрайды.

 

Гүлмира ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жобалардың ішіндегі 12 кәсіпорын Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орналасады. Өйткені, Қытаймен шекаралас болғандықтан, логистика жөнінен бұл маңызды өңірлер болып табылады. Бүгінгі күні 19 жобаның 9-ның қолданысқа тапсыру уақыты  таяп қалды. Өзгелерін жүзеге асыру  бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар еліміздің экспортық әлеуетін артыруға серпін береді. Қазіргі таңда қытайлық кәсіпкерлер органикалық таза өнімдермен айналысуға бел буып отыр. Ал Қазақстанның құнарлы топырағы  толығымен осы талаптарға сай келеді. 

 

 


Сурет: palata.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер