Қазақстанның қос палаталы Парламенті алғаш рет жұмысына 1996 жылдың 20 қаңтарында кірісті. Бірінші сайланған Сенат пен Мәжіліс ауқымды міндеттерді атқарып, тарихи құжаттарды қабылдады. Солардың бірі “Халықтың көші-қоны туралы” Заң. Басқасын айтпағанда, ол құжаттың қазақ тілінде жазылған тұңғыш заң екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

 

1999 жылдағы Парламент сайлауы тарихи жаңашылдықтарымен сипатталды. Орталық Азия өңірінде бұрын-соңды болмаған жүйе енгізіліп, саяси партияларға Мәжілістен 10 орын бөлінді. Сайлау қорытындысы бойынша 4 партия депутаттық мандат алды. Екінші шақырылымдағы депутаттық құрамның жұмысы елімізді тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан алып шыққан 600-ге жуық құжатты қабылдауымен есте қалды.

 

2004 жылы сайланған Мәжілістің еншісіне де елеулі істер бұйырды. Үшінші шақырылымдағы депутаттар, Ата заңға өзгеріс енгізген заң жобасын әзірледі. Құжатқа еліміздің саяси құрылысын президенттік жүйеден біртіндеп парламенттік-президенттік жүйеге көшіру мәселесі енгізілді. Осы арқылы заң шығарушы органның Үкімет жұмысына ықпал ету тетігі күшейді. Араға үш жыл салып, үшінші шақырылымдағы Мәжіліс мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатты.

 

2007 жылы сайланған төртінші шақырылымдағы депутаттар ауыр кезеңге тап болды. Жаһандық дағдарыстың алғашқы толқыны енді аяққа тұрған ел экономикасын қайтадан құрдымға жібере жаздады. Осы кезеңде депутататтық құрам жаңа заңдардың сиясын кептіртпей, жедел қабылдады. Соның арқасында жәрдемақы, жалақы, зейнетақы көлемі еселеп артты. Кедендік одаққа кірігуге, индустриялық-инновациялық дамуға заңнамалық тұрғыдан негіз салу да төртінші шақырылымдағы депутаттардың атқарып кеткен шаруасы.

 

2012 жылы сайланған Парламент Мәжілісі көп партиялы жүйені қайта жаңғыртқанымен ғана емес, «Ұлт жоспары» атты ауқымды құжатқа заңнамалық негізді әзірлеуімен тарихқа енеді. Осы жұмыс аясында қысқа мерзім ішінде 59 заң қабылданып, елдің алдағы өміріне сүрлеу салды.

 

 

 

Сурет: foto.kazakh.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер