Мемлекет Басшысы мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде консультация өткізді

Мемлекет Басшысы мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде консультация өткізді

Мемлекет басшысы депутаттардың мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасына орай консультация өткізді. Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов, Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездесті. Бұдан бөлек, кеңеске Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин қатысты. Елбасы бұл бастаманың түрлі пікірталас алаңдарында, сарапшылар арасында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатқанын айтты. Өз кезегінде, Мәжіліс спикері партиялардың сайлаушылардан жаңа сенім мандатын алу, сондай-ақ, жүргізілетін реформаларды барлық деңгейде жүзеге асыру үшін Мәжіліс пен мәслихаттар іс-қимылын сәйкестендіру қажеттігі мұндай шешімнің қабылдануына басты себеп болғанын атап өтті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кеңесті. Мемлекет басшысы бастаманың Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіруге, қаржылық және ұйымдастырушылық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Сенат төрағасы бастама дер кезінде көтерілгенін айтты. "Өйткені Мәжіліске бүгінде ел алдында тұрған міндеттерді нақты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа мандатын алу қажет", - деді. Сонан соң, Елбасы Конституциялық кеңес төрағасымен консультация өткізді. Игорь Рогов Конституцияның 63-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламентті немесе Парламент Мәжілісін Қазақстан Президенті Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін тарата алатынын айтты. Сонымен бірге, Конституциялық кеңес төрағасы кезектен тыс сайлау Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын доғарған күннен кейін екі ай ішінде өткізілетініне назар аударды. Игорь Рогов Мәжіліске кезектен тыс сайлауды алдағы барлық деңгейдегі мәслихат сайлауымен бір мезгілде өткізу Конституция нормаларына толық сай келетінін атап өтті. 

 

Сурет: politrussia.com