Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Елбасы тапсырмасы бойынша 2015 жылғы Президенттік және мемлекеттік стипендияларды табыс етті. Мемлекеттік хатшы аталған стипендиялар отандық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі еңбекке берілген баға екенін атап өтті. Стипендиялар мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сондай-ақ, айтулы шығармашылық жетістігі үшін дарынды жастарға беріледі. Биыл 100 адам стипендия иегері атанды. Олардың қатарында Олжас Сүйлейменов, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Анатолий Молодов сияқты майталмандар бар. Сонымен бірге, Жәнел Мақажанова, Санжар Мәдиев, Ерлан Рысқали және басқа да дарынды жастарға қолдау көрсетілді.

 

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 

Өткен жыл білесіздер үлкен тарихи жыл болды. Біріншіден мына Ассамблея жылы болып аталынды, Конституцияның 20 жылдығын атап өттік. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Ұлы жеңістің 70 жылдығын атап өттік. Сол барлық мерейтойларда өнер азаматтары былтыр өте жақсы атсалысып, бірігіп өткіздік деуге болады.

 

 Әділ АХМЕТОВ, АКТЁР:

 

Адамға бір ғана жылы сөздің өзі қаншалықты күш-қуат береді. Ал Елбасының, Президенттің стипендиясын алу біздер жастар үшін бұл үлкен жігер береді, күш-қуат береді.

 

Мемлекеттік хатшы ақын-жазушылармен кездесті

 

Алматыға жұмыс сапары аясында Мемлекеттік хатшы Қазақстан Жазушылар одағының басшылығымен де кездесті. Республикалық басылымдардың редакцияларын аралап, олардың жұмысымен танысты. Жазушылармен әңгіме барысында қазақстандық әдебиетті насихаттау, уақыт үрдісіне сай көркем шығармаларды өмірге әкелу жайы сөз болды. Сондай-ақ еліміздің рухани-мәдени саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

 

Сурет: www.inform.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер